Полиция көше бойына 2 тоннаға жуық құрылыс қалдығын тастаған тұрғынды жауапқа тартты

Түркістан қаласының полицейлері 2 күн бойы «Тазалық» іс-шарасын өткізіп, 168 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ортақ пайдаланатын орындарды ластау бойынша 146 жайт тіркелді. Абаттандыру қағидасын бұзған 3 тұрғынға айыппұл салынса, 12 тұрғынға ескерту берілді. Ал жолдарды және жол жабындыларын ластаған 7 тұлғаға айыппұл салынды.
Мәселен полиция 18 қараша күні облыс орталығы көшелерінің бірінен құрылыс қалдықтарын байқады. Бірден тексеру шараларын жүргізіп, абаттандыру қағидаларын бұзған жергілікті тұрғынды анықтады. Ол үйіне жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін 2 тоннаға жуық қалдықты көше бойына тастай салған. Қала тазалығына нұқсан келтірген тұрғынға заң талаптарына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткізілді. Мақсат – қала аумағында абаттандыру және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың алдына алу, нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру. Іс-шараға поициямен қатар әкімшілік қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер, көпқабатты тұрғын үй тұрғындары мен кәсіпкерлік нысан иелері және еріктілер қатысты. Бұл бағыттағы шаралар өз жалғасын таба бермек.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Экологиялық кодекске сәйкес, қала тұрғындары пәтерді жөндеу кезінде шыққан құрылыс қалдықтарын, сондай-ақ, диван, матрас, жиһаз, матрас сияқты қажетсіз болып қалған көлемді заттарды арнайы орындарға өз күшімен шығаруға міндетті.
“Құрылыс қалдықтары тікелей құрылыс алаңында немесе арнайы орында басқа қалдық түрлерінен міндетті түрде бөлуге жатады. Құрылыс қалдықтарын арнайы белгіленген орындардан тыс жинақтауға тыйым салынады”, – делінген заңда.
Айыппұлдың көлемі қандай
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабында қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жаза қарастырылған. Осы баптың 2-ші тармағына сәйкес, қалдықтарды жинақтауға немесе көмуге арналмаған арнайы белгіленген орындардан тыс оларды жинап қою, сол сияқты қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз немесе қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияда мәлімделмеген қалдықтарды көму әрекеті үшін айыппұлдардың көлемі көрсетілген.
Олар:
жеке тұлғаларға – 50 АЕК (2024 жылда 184 600 теңге);
лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (2024 жылда 369 200 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бұзушылық нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасының 100 проценті;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бұзушылық нәтижесінде алынған экономикалық пайда сомасының 200 проценті;
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы (қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша хаттама толтыра алады.
Айыппұлдың көлемі:
жеке тұлғаларға – ескерту немесе 20 АЕК (2024 жылда 73 840 теңге);
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК (2024 жылда 110 760 теңге);
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40 АЕК (2024 жылда 147 680 теңге);
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК (2024 жылда 369 200 теңге);
Айта кетері, бүгінде тәртіп бұзушылар бейнебақылау камералары арқылы немесе тұрғындар түсірген видеоның негізінде анықталады. Сондай-ақ, жыл сайын арнайы рейдтік шаралар ұйымдастырылады.
Ақпарат https://sputnik.kz/20241116/qurylys-qaldyqtary-men-eski-zhiazdy-uydin-zhanynda-tastagany-ushin-qanday-zhaza-qarastyrylgan-48578980.html сайтынан алынды