Полиция ардагерін еске алуға арналған футболдан турнир өтті
Қылмысты жедел-іздестіру саласына өмірінің 15 жылдан астам уақытын арнап, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуда ерекше көзге түскен, ішкі істер органы қатарынан абыроймен зейнеткерлікке шыққан Сағынбек Смановты еске алуға арналған күштік құрылымдар арасында футболдан турнир өтті.
Ордабасы ауданында өткен спорттық жарысқа Түркістан облысы Полиция департаменті, облысқа қарасты полиция бөлімдері мен полиция ардагерлері, төтенше жағдайлар бөлімі және шекара қызметінен құралған 8 команда қатысты. Нәтижесінде Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінен құралған команда І орынды қанжығасына байласа, Түркістан облысы ПД-нен құралған команда ІІ орынға, төтенше жағдайлар бөлімі ІІІ орынға жайғасты.
Еске алу турниріне арнайы қонақ ретінде қатысқан аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы, Түркістан облысы ПД Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қуашбаев және С.Смановтың отбасы мүшелері сайыс соңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімін өткізді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі