Полиция 1 тәулікте жасөспірімдердің 200 құқық бұзушылығын анықтады

Облыс орталығында полицейлердің ұйымдастыруымен еріктілер, мұғалімдер, БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік-профилактикалық шара өткізілді. Сағат 22:00-ден кейін Түркістан қаласындағы кафе-барлар, ресторан, ойын клубтары түгелімен тексерілді. Нәтижесінде бірқатар жасөспірімдер анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың өздері мен ата-аналарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Заңға сәйкес тиісті әкімшілік шара қолданылды.

Мәселен орталық көшелердің бірінде орналасқан ойын клубын тексеру кезінде, 6 жасөспірім анықталды. Жасөспірімдердің ата-аналары мен ойынхана әкімшілігінен түсініктеме алынды, хаттама толтырылды. Келесі бір көңіл көтеретін орыннан 17 жасар жасөспірімнің досымен қыдырып жүргені анықталды.

Жалпы «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасының бірінші күні облыс полицейлері кәмелетке толмағандарға қатысты 200 әкімшілік құқық бұзушылық анықтады.

Атап айтсақ, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 17 ата-ана жауапқа тартылды. Түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың болуына жол берген 8 ойын-сауық орындарының иелеріне шара көрілді. Қоғамдық орында мас халде жүрген 1 жасөспірім анықталды. Ал кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы бойынша 157 жасөспірімнің ата-анасына хаттама толтырылды. ІІО-ды профилактикалық есебіне құқық бұзушылыққа бейім 21 кәмелетке толмаған мен 10 қолайсыз отбасы алынды.

Тәртіп сақшылары атқарған үздіксіз шаралардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында облыста кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 6%-ға төмендеген. Көбіне жасөспірімдермен тіркелген қылмыс түрі ұрлық болып табылады. Өз кезегінде облыс полицейлері ата-аналарға ұл-қыздарын беймезгіл уақытта қараусыз жібермеуді ескертеді.

Аталған шараның негізгі мақсаты кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен оларға қатысты қылмыстың алдын алу болып табылады.

Елімізде заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22:00-ден кейін компьютерлік клубтарда, ойын-сауық орындарында болуға және 23:00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.

Сондай-ақ, осы заңның 442 бабы 2 бөлігіне сәйкес кәмелет жасына толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23:00-ден кейін болуына байланысты 4 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылады.

Барлық сыртқы қызметтер, әсіресе тәуліктің кешкі және түнгі уақытында қоғамға қарсы бағыттағы кәмелетке толмағандардың топтарын анықтауға, олармен профилактикалық әңгімелесу жүргізу, жеке басын және ата-аналардың немесе оларды алмастыратын адамдардың ілесіп жүруінсіз осы немесе өзге де орындарда болу себептерін анықтау мақсатында рейдтік іс-шара жүргізіледі.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі