Өзбекстан билігі бетті тұмшалауға, көп әйел алуға тыйым салды

Өзбекстанның Олий Мәжілісі елдің Қылмыстық кодексіне және Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекске өзгеріс пен толықтыру енгізетін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Өзбекстанда діни рәсімдер бойынша некеге қию үрдісі белең алған. Сондай-ақі полигамияны және оның артықшылықтарын насихаттайтын жарнамалар көбейген. Нәтижесінде некесіз туған балалардың саны да өскен.

2022 жылы жалғызбасты аналардың өтініштері негізінде 18 955 бала тіркелген. 2021 жылы 19 037 бала тіркелген, ал 2020 жылы 16 564-ке жеткен.

АХАЖ органдарында неке қимау әке екенін белгілеуге, алимент тағайындауға, мұраға байланысты түрлі мәселелерді туғызады, нәтижесінде азаматтар, әсіресе, әйелдер өз құқығын қорғауда мемлекетке деген сенімін жоғалтады.

Депутаттар кейінгі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы гендерлік теңсіздікті насихаттау байқалғанын айтты.

Жаңа заң жобасы Қылмыстық кодекске және әкімшілік жауапкершілік кодексіне бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізеді. Яғни заңда белгіленген тәртіппен некесін тіркемей, діни рәсім арқылы қиғаны үшін жауапкершілік белгілейді.

Құжатқа сәйкес, өзбекстандықтар келесі құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылатын болады:

– ұлты, нәсілі, этникалық және діни белгілері бойынша азаматтардың үстемдігін немесе толымсыздығын насихаттау;

– заң тәртібімен тіркелмеген некені діни рәсіммен қию;

– екі және одан көп әйелмен бірге тұруды насихаттау;

– әйелдер мен ерлердің тең құқығын ашық түрде мойындамау;

– азаматтың бет-бейнесін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орында киіп жүру.

ПІКІР ЖАЗУ