Өзбекәлі Жәнібековке арналған дәстүрлі көрме жалғасын тапты
Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен «Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы» атты көрме ашылды. Биыл он бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған рухани-мәдени шара көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы ғылым Өзбекәлі Жәнібековке арналған.
Көрменің ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев, қалалық мәслихаттың аппарат басшысы Жанболат Ибрагимов, елімізге белгілі ғалымдар, кітапхана, ЖОО-ы мен жалпы орта, салалық мектептер мен орталық ұйым басшылары, қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының директоры Маулен Садықбеков қайраткер тұлғаның қазақ елі үшін әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау, қалпына келтіру, музейлендіру бойынша атқарған еңбегі ұшан-теңіз екендігін жеткізді. Сондай-ақ биылғы көрменің ерекшеліктерін атап өтті.
– Тар заман, тайғақ кешу дәуірінің өзінде мансабын ғана емес, басын да қатерге тіге жүріп, ұлты үшін ұлы істерді атқарып кеткен «Рух сардары» атанған қазақ руханиятының қара нары Өзбекәлі Жәнібековтың 28 тамыз – туған күні. Осы датаны мереке ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Мәдениет министрі болып отырған тұсында біртуар азамат «Әзірет Сұлтан» музей-қорық қорына өткізген жәдігерлері мен өз кітаптарында атап көрсеткен елімізге еңбегі сіңген азаматтардың да жеке заттарының көрмеге қойылуы еді. Ол – КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен КСРО-ның «Халық мұғалімі» құрметті атағымен марапатталған атыраулық азамат Құсни Айтқалиев пен елімізге ңбегі сіңген құрылысшы, реставратор Арынбек Оразбайұлы. Аталған көрме келушілерге бір ай қызмет көрсетеді, – деді музей директоры.
Ашылу салтанатынан соң жиналған көпшілік «Өзбекәлі Жәнібеков тағылымы» көрмесін тамашалады. Шара барысында музей-қорық директоры аталған азаматтардың ұрпақтарына көрме ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқаны үшін алғыс білдіріп, сый-сияпат жасады.
Бұдан соң Түркістан қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайынбетов, Түркістан қаласының құрметті азаматы, ардагер ақын Нұрмахан Назаров, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мақсұт Атамбаев, тұлғаның қарындасы Айғаным Абанқызы, кезінде өзі жұмысқа қабылдаған, бірге қызметтес болған Рахия Сүлейменқызы, елімізге еңбегі сіңген құрылысшы, реставратор Арынбек Оразбайұлының ұлы Арыстанбек Арынбекұлы сөз алып, Ө.Жәнібеков жайлы естелік пікірлерімен бөлісті.