Өз құқығыңызды қорғай біліңіз!

Түлкібас аудандық сотының төрағасы Марат Нұрғазыұлы Ырсымбетовтың мақаласын назарларыңызға ұсынамыз

Өз құқығыңызды қорғай біліңіз!

Елімізде адам құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Оның ішінде қылмыстық істің орбитасында болған жандардың құқықтарының қорғалуына да мән беріп, тергеу соты институты енгізілген.

Яғни, прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жүзеге асырылатын іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ қабылдаған шешімдеріне келтірілген шағымдарды соттардың қарауы Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2 тармағында, 76-бабының 1 тармағында және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 8-бабында бекітілген әркімнің сот арқылы қорғалу құқығын іске асыруды қамтамасыз ету тәсілдерінің бірі болып табылады

Бүгінде аталған жүйе сәтті жұмыс істеуде. Сот тарапынан тергеуді бақылау институты 2015 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енді.

Қылмыстық процестегі сот бақылауы ҚПК-нің 106-бабының тәртібімен прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) және шешімдері жеке құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсер еткен жеке тұлғалар (Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар), сондай-ақ ұйымдар, егер көрсетілген актілермен олардың заңды мүдделеріне әсер етсе, сол сияқты олардың қорғаушылары, өкілдері сотқа шағыммен жүгінуі арқылы жүзеге асады.

Қылмыстық қудалау органдарына прокурор (мемлекеттiк айыптаушы), тергеушi, анықтау органы, анықтаушы жатады.

ҚПК-нің 106-бабының 1-бөлігіне сай, құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын тұлға қылмыстық құқық бұзушылық туралы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуында, тергеп-тексеру мерзімдерін үзуде, қылмыстық істі тоқтатуда, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруда, тінтуді және (немесе) алуды жүргізуде, өзге де әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасауда және шешімдерді қабылдауда заңның бұзылуы туралы арызды қабылдаудан бас тартуға шағыммен сотқа жүгінуге құқылы.

Қандай шағымдар ҚПК-нің 106-бабымен қарауға жатпайды, соған тоқталсақ: Заңда өзге тәртіппен шағымдану көзделген процестік әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдердің күшін жою туралы шағымдар, атап айтқанда Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды, хабарламаны немесе баянатты тіркеудің күшін жою туралы шағымдар, оларды ҚПК-нің 179-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарының талаптарын бұза отырып, тіркеу жағдайларын қоспағанда, сондай-ақ дәлелдемелерді жарамсыз деп тану туралы, адамды күдікті, қорғануға құқығы бар куә деп тану, әрекетті дұрыс сараламау немесе айыптауды тұжырымдау туралы, не оның дәлелденбегені туралы, күдікті деп тану және әрекетті саралау кезінде заңды дұрыс қолданбау туралы, сот санкция берген бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шағымдар, сондай-ақ сот актілерінің заңсыздығы туралы шағымдар.

Осы кезде, ҚПК-нің 106-бабымен берілетін шағымның мазмұнына келсек: Сотқа жолданатын шағым жазбаша түрде жазылады, онда арыз беруші мен өз мүддесі үшін шағым беріліп отырған адамның тегі, аты, әкесінің аты, олардың мекенжайы мен байланыс телефондары, органның атауы мен орналасқан жері, шағым жасалып отырған іс-әрекетті (әрекетсіздікті) жасаған, шешім қабылдаған лауазымды адам көрсетіледі. Шағымда қашан, кім (қандай орган немесе оның лауазымды адамы) және қандай процестік іс-әрекеттер (әрекетсіздіктер) жасалғаны, қандай шешім қабылданғаны көрсетілуге тиіс.

Бұл ретте шағымда заңның қандай нормалары бұзылғанын, осылардың арыз берушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қалай әсер еткендігін, сондай-ақ арыз берушінің өтінішінің мәнін көрсету қажет. Сонымен бірге сотқа жүгінгенге дейін шағымда көрсетілген іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктің), шешімдердің прокурорға шағымдалған-шағымдалмағанын, жауаптың қашан алынғанын (не алынбағанын), прокурордың жауабының мәнін және олармен келіспейтіндігі туралы уәждерді көрсету қажет.

Шағымға оны берген адам қол қояды. Шағымға оның көшірмелері (прокурорға және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған адамдарға тапсыру үшін); шағымдалып отырған процестік актінің көшірмесі; арыз берушінің пікірі бойынша шағымдағы уәждерді растайтын материалдар; прокурордың шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жауабы; прокурорға жолданып, жауап алынбаған шағымның көшірмесі; шағым берген адамның өкілінің құқығын растайтын құжаттар қоса берілуге тиіс.

Егер шағымда жоғарыда көрсетілген заң талаптары сақталмаса, онда келіп түскен шағымда және оған қоса берілген материалдарда қажетті мәліметтер болмаған кезде, судья шағымды қабылдаудан бас тартпастан және оны қараусыз кері қайтармастан, арыз берушіден немесе өзге де тұлғалар мен органдардан оларды талап етеді және оларды ұсыну мерзімін белгілейді.

Арыз иесі нұсқауларды орындамаған жағдайда судья шағымдарды өндіріске қабылдаудан бас тартады және оны иесіне қайтарады.

Заңға сәйкес осы процестік іс-әрекетке (әрекетсіздікке), шешімге шағым беру құқығы жоқ адамдар шағым берген, не ҚПК-нің 106-бабында көзделген тәртіппен қаралмайтын іс-әрекеттер (әрекетсіздік) мен шешімдерге шағым берілген немесе шағым беру мерзімі өткен және оны қалпына келтіру туралы өтініш болмаған жағдайларда, сондай-ақ арыз берушіден сот отырысы басталғанға дейін шағымды кері қайтару туралы арыз түскен кезде судья шағымдарды қараусыз қалдыру туралы дәлелді қаулы шығарады.

Сотқа берілген шағымдар бұзылған құқықтарды тез арада қалпына келтіруге ықпал етеді.

​ Сондықтан, прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекеттері (әрекетсіздігіне) және шешімдері өздеріңіздің құқықтарыңыз бен бостандықтарыңызды бұзған жағдайда, жоғарыда көрсетілген заң талаптарын сақтап, ҚПК-нің 106-бабымен сотқа шағым жасау мүмкіндіктеріңіз бар екенін қаперлеріңізге салғым келеді!

ПІКІР ЖАЗУ