Отырарда нашақорлыққа қарсы форум өтті

Отырар аудандық полиция бөлімінің және әкімдіктің ұйымдастыруымен «Нашақорлыққа жол жоқ біз өмірді таңдаймыз» атты форум өтті. Аталмыш шараға әкім орынбасары А.Құлмахан, Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Бурханов, прокурор Н.Мустафаев, зиялы қауым өкілдері, 400-ге жуық студент пен мектеп оқушылары қатысты.

Жастармен өткен кездесуде есірткінің, оның ішінде «синтетикалық есірткінің» зияндылығы туралы айтылып, психотроптық заттарды қолданудың кері әсері ұғындырылды. Семинар барысында тәртіп сақшылары мен спикерлер әрбір тұрғын өзін есірткінің зиянды әсерінен және заңсыз әрекеттерден қалай қорғауға болатыны туралы кеңестер берді.

Сондай-ақ белсенді жастар арасында «есірткісіз өмір керемет» атты спектакль ұсынылды. Онда басқа студенттерге есірткіні қолданған жасөспірімдердің өміріндегі қайғылы оқиғалар, синтетикалық заттарды қолданатын жастардың тағдырлары туралы бейнероликтер көрсетілді.

Өз кезегінде полицейлер студенттерді дені сау және заңға бағынатын азамат болуға шақырды, ал қатысушылар ұйымдастырушыларға қызықты және мазмұнды түсіндірме жұмыстары үшін алғыс айтты.

Іс-шара соңында тәртіп сақшылары нашақорлықтың алдын алуға, салауатты өмір салты құндылықтарын насихаттауға жастарға ескертпе үнпарақтар мен сый-сияпаттар таратты.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ