Отырарда білім ордасына ғалым, академик Рахманқұл Бердібайдың есімі берілді

Ғылым мен білімнің алдаспаны, қара сөздің зергері, ғалым-сыншы, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібайдың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі орасан зор. Киелі Түркістан топырағында туылған ғалымның қазақ фольклоры саласында да қалдырған еңбектері келер ұрпаққа қажетті білімнің қайнары десек те артық айтқандық емес. Белгілі академиктің есімін ұлықтау мақсатында Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Мыңшұқыр» жалпы орта мектебінің атауы «Р.Бердібай атындағы жалпы білім беретін орта мектеп» болып ауысқан болатын.

Бүгін аталған білім ордасында келелі жиын өтіп, Рахманқұл Бердібай атындағы мектеп мұражайының ашылу рәсімі өтті. Тәрбиелік маңызы зор тағылымды шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Ұзақов, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Аудан басшысы өз сөзінде: «Баршаңызды Рахманқұл Бердібай атындағы жалпы білім беретін орта мектебіндегі мұражайдың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Ғалымның хаты өлмейді, Жақсының аты өлмейді» деп дана халқымыз айтып өткендей артында өшпес мұра қылдырған елімізге белгілі жазушының есімі мәңгілік жадымызда сақталып қала берері сөзсіз. Бүгінгі қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым, сыншы, филиология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібайдың есімімен аталатын мұражайдың жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуда, ұлттық дәстүрлерді, тарихи құндылықтарды сақтауда, ұрпақтардың сабақтастығын нығайтуда маңызы зор деп санаймын»,-дей келе мектеп ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Ұзақов көрнекті ғалым, қарымды қайраткер, еліміздің Ұлттық Ғылым академиясының академигі Рахманқұл Бердібайдың қазақ тарихы мен әдебиетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз екендігін айта келе, республика көлемінде ғалымның атымен аталған алғашқы мектептің бірі Отырар ауданында болуы қасиетті өлкенің ұлы тұлғаларға көрсеткен құрметі мен ұрпақ тәрбиесіндегі  өнегелі жұмыстардың бірі екендігін атап өтті.

Мұнан соң  Отырар ауданының Құрметті азаматы, ардагер Мырзахмет Темірбек пен ғылым докторы Арсылан Асанов және Р.Бердібайдың жақын туысы Бектас Шірікбаевтар сөз сөйлеп, ғалымның кездесулерде айтқан келелі әңгімелері мен орамды ойлары жайындағы естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында дарынды да талантты мектеп оқушылары арнау өлеңдерін оқып, құттықтауларын айтып, жан тебірентерлік патриоттық әндерін нақышына келтіре орындады.

Одан әрі жиынға келген көпшілік Рахманқұл Бердібай атындағы мектеп мұражайының лентасын қию рәсіміне қатысып, мектеп оқушыларының шығармашалық жұмыстарымен танысты.

ПІКІР ЖАЗУ