Отырар: «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы «қарақоңыр» станциясында

Отырар ауданындағы «Ақшоқат» станциясына екі күн бойы аялдап ауыл тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсеткен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы бүгін «Қарақоңыр» станциясына келіп жетті.

Еліміздің барлық облыстарын аралап келе жатқан жылжымалы медициналық қызмет көрсету пойызы станцияда екі күн тұрақтайтын болады. Бұған дейін  «Ақшоқат» станциясында ауыл тұрғындарына көрсеткен сапалы қызметтеріне ризашылығын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов халықтың денсаулығы мен құқықтық көмек алуына мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғысын айтты.

Қарақоңыр ауылының тұрғындарымен кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілі Әміржанов Талғат Сансызбайұлы мен бас дәрігер Егінбаева Айнұр Құдайбергенқызы  тегін кеңес пен қажетті ем алуға барлық жағдай жасалғанын айта келе, дәрігерлер мен заңгерлерге қаралу үшін арнайы тіркеуден өту қажет екенін атап өтті.

Айта кету керек, «Саламатты Қазақстан» атты әлеуметтік жобасының шеңберінде шалғай жерлерде орналасқан станция тұрғындары білікті медициналық мамандардан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог) тегін кеңестер мен қажетті ем ала алады. Оның ішінде заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УЗИ, флюорограф және т.б.), шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.

ПІКІР ЖАЗУ