Отырар: мектепке академик Рахманқұл Бердібайдың есімі берілді

Белгілі академик, сыншы, филология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібайдың есімін ұлықтау мақсатында Отырар аудандық білім бөліміне қарасты «Мыңшұқыр» жалпы орта мектебіне ғалымның есімі берілді.

Сондай-ақ, оқу орнында ғалымның жәдігерлері жинақталған мұражайдың ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Ұзақов, Түркістан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Маханбетов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Ұзақов көрнекті ғалым, қарымды қайраткер, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Рахманқұл Бердібайдың қазақ тарихы мен әдебиетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз екендігін айта келе, республика көлемінде ғалымның атымен аталған алғашқы мектептің бірі Отырар ауданында болуы – қасиетті өлкенің ұлы тұлғаларға көрсеткен құрметі мен ұрпақ тәрбиесіндегі өнегелі жұмыстардың бірі екендігін атап өтті.

Сондай-ақ, Отырар ауданының Құрметті азаматы, ардагер Мырзахмет Темірбек пен ғылым докторы Арсылан Асанов және Р.Бердібайдың туысы Бектас Шірікбаевтар сөз сөйлеп, ғалымның естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында мектеп оқушылары да арнау өлеңдерін оқыды.

ПІКІР ЖАЗУ