Отырар ауданында Шардара ауданының мәдениет күндері өтті

Түркістан облысында «Туған жер – алтын бесігім» атты қала, ауданаралық мәдениет күндері бастау алған болатын. Мәдени байланысты нығайтуға бағытталған шара аясында және 25 қазан – Республика күніне орай бүгін Шардара ауданының Отырар ауданындағы мәдениет күндері өтті.

Шардаралық өнерпаздар аудандық мәдениет сарайына келген қонақтарды әсерлі әнмен, көңілді күймен қарсы алды. Салтанатты жиынға келген көпшілік алдымен шардаралық қылқалам шеберлерінің сурет көрмесін тамашалап, одан әрі Шардара ауданының тарихы баяндалған кітап көрмесімен танысты.

Одан әрі шара «Жайнай бер, шағалалы Шардара» атты гала- концертке ұласып, өнерпаздар отырарлықтарды ерекше өнерлерімен тәнті етті.

Сахна шымылдығы «Айкөркем» бишілер тобының «Шашу» биімен түріліп, «Мерей» фольклорлық ансамблі халық әндерінен попурри орындады. Мерекелік кеште шардаралық өнерпаздар елімізге белгілі сазгерлер Әбдіғаппар Айдаровтың «Шардара вальсі», Ескендір Хасанғалиевтің «Жасай бер, қазақ», Қанат Дауылбаевтың термесі «Ақыннан асыл жыр қалсын», Елнұр Әлімбайдың сөзіне жазылған Мұхит Қасқырбаевтың «Достарым», Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған Лесбек Амановтың «Қарабауыр қасқалдақ» әндерін нақышына келтіре шырқаса, «Ақ әжелер» халық ансамблі көрермендерді ерекше өнерлерімен таң қалдырды.

Мәдени шара барысында аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов отырарлықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шардаралық өнер иелеріне аудан халқының атынан шынайы алғысын жеткізіп, Отырар ауданы әкімінің алғыс хатын табыстады.

ПІКІР ЖАЗУ