Отырар: ауданда республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Бүгін ауданымызда «Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орындардың туристік әлеуеті және болашақ мүмкіндіктері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Республикалық конференцияға Отырар ауданы әкімінің орынбасары Оралбай Ержан Асанұлы қатысып, тарихы терең шежірелі Отырар ауданында рухани жәдігерлерімізді насихаттау арқылы туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Ол өз сөзінде қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған киелі Отырардың тарихы еліміздің әр өңірінен және шет елдерден келетін туристер үшін қызық болатынын айта келе, өткенімізді жаңғыртып, тарихымызды терең тану мақсатындағы конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Тарихи мәні мен маңызы зор шараға Түркістан облысы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану орталығының басшысы Құрбан Жандос Керімұлы, «Open Turkistan» туристік ақпарттық орталығы директоры Жұманов Асан Омарғалиұлы, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚМПУ-нің т.ғ.к., доцент Анарбаев Қайрат Сапарханұлы, Түркістан облыстық «Ұлы Дала Елі» орталығының ғылыми қызметкері Тауасарова Дилорам Рахимовна, облыс, аудан, қалалық музей директорлары мен ғылыми қызметкерлері қатысты.

Ішкі және сыртқы туристерді тарихи-мәдени орындарға тарту жолдарын қарастыру, оның ішінде жоғарғы талаптарға сай музей экспозициясын тиімді жасақтау, әрі берілетін мәліметті толыққанды жеткізу жолдарын қарастыру, тарихи-мәдени құндылықтарды барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып кеңінен насихаттау жұмыстарын жүргізу және сол арқылы туристерді тарту конференцияның басты мақсаты болды.

Шара барысында, Отырар ауданының жас ақыны Жүсіпәлиева Гаухар қатысушыларға өзінің арнау өлеңін оқып беріп, қадірлі қонақтардың мерейін өсіріп, мәстебесін асырды. Одан әрі елімізге белгілі зерттеуші ғалымдар Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орындардың туристік әлеуетін арттыру, оларды дамытуда музейлердің рөлі мен қызметін жандандыру және туристік тұрғыдан дамытудың әдістемесі мен болашақ мүмкіндіктері аясындағы тақырыптар бойынша баяндама жасады.

Конференция нәтижесінде мемлекетіміздің туризм саласын халықаралық деңгейге жеткізу аясында Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шет елдерде насихаттау, алуан түрлі мамандық иелерімен, көрнекті ғалымдар, археологтармен, реставраторлармен байланыс орнату, туристерге заттық және рухани мәдениетіміз – тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, табиғатымызды таныстыру жолында бірқатар мәселелер шешімін тауып, ұсыныс-пікірлер ескеріліп, конференция қарарына енгізілді.

 

ПІКІР ЖАЗУ