Отырар: ауданда Республика күні мерекесі аталып өтті

25 қазан – ұлтымыздың ең ұлық мерекесі Республика күні. Бұл күн – егемендіктің ең алғашқы қадамы жасалған елеулі күн. 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынып, тарихи шешім қабылдады. Мемлекет басшысының ұсынысымен қайта оралған ұлттық мереке – Республика күні еліміздің әр азаматы үшін маңызды.

Осы мақсатта бүгін аудандық мәдениет сарайында 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Аудан активінің, құрметті қонақтардың және аудан тұрғындарының қатысуымен өткен мерекелік жиында алдымен «Менің Отаным – Менің Республикам» атты кітап көрмесі мен ауданның жас суретшілерінің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.

Мұнан соң мерекелік шарада Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалып, одан әрі аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ержан Оралбай мен аудандық мәслихаттың төрағасы Уалихан Ұзақов көпшілікті мерейлі мерекемен құттықтады.

Ержан Асанұлы өз сөзінде: «Республика күні – біздің жалпыұлттық мерекеміз. Еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі. Сондықтан әрбір азамат бүгінгідей бейбіт күннің қадіріне жетіп, әрбір сәтті бағалай білуі тиіс. Баршаңызды қастерлі мерекемен құттықтай отырып, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуын тілеймін» – деді.

Мерекелік шара барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бір топ азаматтар аудан әкімінің және аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттарымен марапатталды. Одан әрі аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасына ұласып, көпшілік патриоттық әндерді тыңдап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

ПІКІР ЖАЗУ