Өткен жылы еліміздегі туу көрсеткіші қалай болды

2024 жылдың 12 айында Қазақстанда 365,9 мың бала (2023 ж. – 388,4 мың) дүниеге келді, оның 51,6% ұлдар, 48,4% – қыздар.
Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, 219,1 мың сәби немесе жалпы туғандардың 59,9% – қалалық жерде, қалған 40,1%, яғни 146,7 мың бала ауылдық жерлерде дүниеге келген.
2024 жылы жалпы туылу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 18,15-ті құрады, ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 1000 адамға 19,52 болған. Туу көрсеткішінің ең жоғары деңгейлері Түркістан (24,88 адам 1000 адамға), Маңғыстау (24,29) облыстарында және Шымкент қаласында (23,58) байқалған.
Туылған балалардың негізгі үлесін – 27,5% 25-29 жас аралығындағы әйелдер дүниеге әкелген, 30-34 жас аралығындағы әйелдердің туған балалар үлесі 26,2%. 20 жасқа дейінгі қыздар өткен жылы 11,9 мың баланы дүниеге әкелсе, 50 жастан асқан әйелдер 100 сәбиді босанған. Сонымен қатар, 2024 жылы аналардың орташа жасы 29,8 жас болды.
Туылған балалардың 23% отбасының тұңғышы атанды – 84,2 мың бала, отбасында төртінші боп туған сәби саны – 60 мыңнан астам, бұл барлық туылғандардың 16,4%. Аталған кезеңде 3 721 егіз, 46 үшем дүниеге келген.