Өткен аптадағы азық-түлік бағасы: не арзандады?
Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі 0,1% құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ. Елдегі ӘМАТ баға индексінің бұл көрсеткіші – соңғы 10 жылдағы төмен көрсеткіштің бірі. Өткен аптада қант пен бидай ұнының бағасы 0,2%, күріш 0,4%, қарақұмық жармасы 0,9% арзандады. Нан, рожки, сүт пен айран бағасы өткен аптада тұрақты (0,0%). Сиыр еті, сүзбе мен жұмыртқа бағасының 0,1% пайызға өскені байқалады. Қанттың елдегі орташа бағасы 389 теңге. Ақтөбеде қанттың келісін 349 теңгеден, ал БҚО-да 367 теңгеден алуға болады. Бидай ұнының келісі орташа есеппен 223 теңге. Шымкентте бірінші сорттағы бидай ұнының келісін 168 теңге, Ақтөбе мен Қарағандыда 166 теңгеге алуға болады. Ал елдегі ең арзан бидай ұны СҚО-да, онда өнімнің келісін 150 теңгеден саудалауда. Күріштің елдегі орташа бағасы 446 теңге. Қызылордада күріштің келісі 389 теңге, ал Ақмолада 406 теңге тұрады, – делінген Сауда комитеті таратқан хабарламада.
Қарақұмық жармасының орташа бағасы 207 теңге. Бұл өнімнің келісі Астанада 187 теңге, Қарағандыда 176 теңге, Қостанайда 192 теңге, Павлодарда 151 теңге, Қызылордада 189 теңге тұрады. Сүттің елдегі орташа бағасы – 403 теңге. 1 литр сүт Ақтөбеде 341 теңге, Ақмолада 303 теңге, Қостанайда 405 теңге, ШҚО-да 381 теңге, Павлодарда 360 теңге, Түркістанда 278 теңге тұрады. Ал 2024 жылдың қаңтарынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесіндегі 7 өнім арзандаған. Мәселен, күнбағыс майы 0,8%, қант 3,2%, қырыққабат 3,3%, бидай ұны 6,3%, күріш 8%, сәбіз 9,1%, қарақұмық жармасы 34,5% арзандаған.