Өтемақы мен жеңілдік: Зиянды жерде жұмыс істейтіндерге қандай қолдау бар

Еңбек жағдайы ауыр немесе денсаулыққа қауіпті салаларда жұмыс істейтін азаматтар бірқатар жеңілдік пен өтемақы алуға құқылы. Бұл туралы Еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Данияр Балтабай түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, зиянды және қауіпті өндірісте қызмет ететін жұмысшылар үшін арнайы жеңілдіктер мен қосымша төлемдер қарастырылған. Мәселен, мұндай қызметкерлердің жұмыс аптасы 36 сағаттан аспауы тиіс. Сонымен қатар, олар жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша кемінде алты күн демалуға құқылы. Бұған қоса, еңбекақы көлеміне зияндылық деңгейіне қарай үстемақы қосылады.

Көтермелі жалақының нақты мөлшері ұжымдық келісімдер мен жұмыс берушінің ішкі құжаттарында бекітілген, сондай-ақ бұл сома өндірістің зияндылығы мен қауіптілігіне байланысты белгіленген салалық коэффициенттер арқылы есептеледі, – деді Балтабай.

Сондай-ақ жұмыс беруші денсаулыққа теріс әсер ететін өндіріс жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлерге улану мен кәсіби сырқаттардың алдын алу мақсатында сүт немесе арнайы емдәмдік тағам беруі тиіс.

Аталған өтемақы мен жеңілдіктер зиянды еңбек жағдайлары өндірістік аттестация нәтижелерімен ресми түрде расталған жағдайда ғана беріледі.