Еңбек министрлігі өкілі әр балаға берілетін жәрдемақыны 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысқа жауап берді
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитетінің басшысы депутаттардың балалар жәрдемақысын 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды. “Қазіргі уақытта бір балаға 22 мың теңге төленеді. Ал бала саны артқан сайын төлем мөлшері де көбейеді, бірақ бір балаға ең жоғары төлем 70 мың теңгеден аспайды. Қазіргі таңда төлемнің 41 түрі бар, және олардың барлығын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен шамамен 5,2 миллиард теңге қажет.
Егер әр балаға 70 мың теңге төленетін болса, тек осы төлемнің өзіне 5,7 триллион теңге керек болады. Бұл қаражат салық төлеушілер есебінен жиналатынын ескерсек, мұндай шығын мемлекетке ауыр тиеді деп ойлаймын”, – деп жауап берді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау комитеті басшысы Төлеген Оспанқұлов Министрлік өкілдерінен, сондай-ақ, алимент төлемейтін толық емес отбасыларға арнайы қолдау төлемдері қарастырылмағанының себебі сұралды. “Қолданыстағы заңнама аясында белгілі бір нормалар бар. Мысалы, ата-ананың бірі жұмыс істесе, әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жалақысының 40 пайызын алу мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл төлемдер мемлекет міндеттемелерінің бір бөлігі ретінде жүзеге асырылады. Алайда, мұндай төлемдерді ұлғайту немесе қосымша бағдарламалар енгізу бюджет мүмкіндіктеріне байланысты шешіледі”, – деп толықтырды спикер. Министрлік өкілдерінің айтуынша, қазіргі қолданыстағы төлем жүйесі белгілі бір деңгейде қолдау көрсетіп отыр, бірақ бюджеттік шектеулер жәрдемақыны айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бермейді. Бұған дейін депутат әр балаға 70 мың теңге төлеуді ұсынғанын жазған болатынбыз. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде ұысыныс жасаған депутат Гауһар Танашева заң жобасын әзірлеу және енгізу оңай емес екенін айтып, қандай да бір түзетулер енгізіліп, қорытындыға жіберілгенін атап өтті. Қазақстанда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған мемлекеттік шараларды дамыту жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.
Еліміздегі әлеуметтік қолдаудың түрлері және бұл салада енгізілген соңғы жаңашылдықтар туралы мына материалдан оқи аласыздар. Егер қазақстандық отбасында төрт және одан да көп бала болса, онда олар арнайы жәрдемақы алуға құқылы. Оның үстіне әрбір жаңа туған нәресте үшін төлем өсетінін еске саламыз.