Ортақ іске ел болып жұмылдық
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық науқанға ұласты. Бүгінде бұл шарадан тазалық мекемелері мен ерікті жастарды ғана емес, белсенді студенттер, әкімдік жастарын, ауыл тұрғындары мен ақсақалдардың да белсене атсалысып жүргенін байқаймыз. Бәрінің басты мақсаты – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Осындай тазалық науқаны бүгін Тұран ауданының Құрсай шағын ауданында өтті. Шалғай болса да халық көп келетін жердің тазалығы әрдайым маңызды. Олай дейтініміз, ол жерде «Жібек жолы» көтерме базары, мал базары, орналасқан. А2 үлкен тасжолынан бастау алған тазалық науқанына қаламыздағы Экология департаменті қызметкерлері, ауыл тұрғындары, Тұран ауданы әкімдігінің қызметкерлері, Тұран коммуналдық мекемесінің қызметкерлері жұмылдырылды.
– Қыркүйектің үшінші аптасы дүниежүзілік тазалық күні болып бекітілген. Осыған орай барлық қала тұрғындарына үндеу жасаған болатынбыз. Десе де, қаламызда таза бейсенбілік, сенбілік өткізу дәстүрі бұрыннан бар. Сондықтан да, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы қала тұрғындары оған белсенді қатысуда. Бүгін де барлық еңбек ұжымдары, қала халқы бастамамызға қолдау білдіріп жатыр. Біз өзіміз де мекемедегі барлық қызметкерлермен атсалысудамыз, – дейді Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев.
Ауданның тұрғындары да ортақ іске өз үлестерін қосуда. Бұл аталған акция тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар іс-шара.
– Жалпы, «Таза қазақстан» акциясы республикалық деңгейде жүріп жатыр ғой. Барлық қала, аудан, ауылдық жерлерде қоғамдық мәдениетті дәріптеуге барлық халық болып ықпал етуде. Әр азамат – тазалықты өз үйінен бастау керек. Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Сондықтан, сіздерді осы акцияға жұмыла кірісуге шақырамын, – дейді Тұран ауданы ардагерлер кеңесінің мүшесі Битаев Сембек атамыз.
Дәл осындай тазалық жұмыстары Асар шағын ауданында да өтті. Жайлы ортаны дамыту басқармасы атсалысқан науқан баырсында үлкен жолдың бойы қоқыстан тазартылып, орындықтар сырланды. Аулалар мен аяқ жолдар тазаланды.