Ордабасы: жүгері өсіруде терең қопсытып мол өнім алудың жолдары түсіндірілді

Бүгін Бөген ауылдық округінде «Егістік алқаптарды тиімді пайдалану» атты аудандық семинар өтті.

Шаруаларды агросектордағы жаңа әдіс-тәсілдерді үйретуге арналған жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының өкілі Әлім Сайдалиев, барлық ауылдық округтердің шағын шаруа қожалық өкілдері қатысты.

Аудан басшысы ауылшаруашылыққа қажетті техникалар көрмесімен танысып, шаруа қожалық басшыларымен пікірлесті.

Алқалы жиында аудандық Ауылшаруашылық және жер қатынастары бөлімінің басшысы Берік Алтынбеков аудандағы ауыл шаруашылық өнімдерінің биылғы көрсеткіштері, «терең қопсыту – мол өнімнің кепілі» тақырыбы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріске жаңа инновациялық технологияны енгізу арқылы өнімділікті арттыру, аз шығын жұмсап, мол өнімге қол жеткізу бағыты жөнінде баяндама жасады.

Көшпелі семинарға спикер ретінде шақырылған Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының өсімдік бөлімінің меңгерушісі Жеңісбек Абдраймов пен «Hermes» ЖШС-нің директоры Ильмар Гаджиев агротехнология ғылым мен практиканың өзара әрекеттесуі, органикалық негізде жермен жұмыс істеу тәсілдеріне көшу, топырақ құнарлығын анықтау, агрохимиялық зерттеудің маңыздылығы туралы арнайы шеберлік сағатын өткізді.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы семинарға келген шаруашылық өкілдеріне аталған жиыннан алған тәжірибені өз ауылдарында кәдеге жаратып, егіс көлемін ұлғайтып, ауданымыздың ауылшаруашылық саласының дамуына үлес қосуға шақырды.

Көшпелі семинардың соңында қатысушылар «Орда-Басы-Агро» АӨК-нің озық технологиялар және ғылыми негіздемелермен жарақтанған жүгері өсірудің жемісті тұстарымен және егістік алқаптағы жүгері жинау науқанымен танысты.

Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ