Ордабасы: Темірланда инватакси қолданысқа берілді

Аудан орталығы Темірландағы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа инватакси пайдалануға берілді.

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Темірландағы «Шапағат» оңалту орталығына арнайы барып, аталған мекемеге мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдауға арналған жаңа көліктің кілтін табыс етті.

«Біз мұнан бұрын инватакси қызметі бойынша көлікті жалға алып келген болатынбыз. Енді осындағы қызмет алушы тұрғындарымыздың қозғалысына қолайлы шарт-жағдай жасау мақсатында жаңа екі көлікті пайдалануға беріп отырмыз. Жаңа көлік осындағы азаматтардың игілігіне қызмет етеді деп сенемін», деді аудан әкімі өз сөзінде.

«Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдауға арналған 2 инватакси автокөлігі мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы алынған. 

Қазіргі таңда аталған орталық конкурс жеңімпазы – «Аяулы алақан» мүгедектер қоғамдық қорымен келісім-шарт жасалып, аудан көлеміндегі 295 мүгедектігі бар азаматтар мен олардың 210 жеке көмекшілеріне қызмет көрсететін болады.

Айта кетерлігі, оңалту орталығы мүгедектігі бар адамдардың салауатты өмір сүруі мен денсаулығына оң жағдай жасау, өзіне-өзі қызмет ету, олардың белсенді өмір сүру салтын сақтау және дамыту мақсатында 70 азаматқа, сонымен қатар тірек қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 27 балаға әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.

ПІКІР ЖАЗУ