Ордабасы: Республика күніне орай үш ауылда модульдік полиция пункті ашылды

Бүгін Республика күніне орай Темірлан, Бадам, Шұбарсу ауылдарының орталығынан модульдік полиция пункті ашылды.

Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған кабинеттің ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудандық Полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары қатысты.

Аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы полиция қызметкерлерін жаңа кабинеттің ашылуымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

“Қоғамымыздың тұрақтылығы жолында құқық қорғау саласы қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Бүгін мерекеге орай ауданымыздың 3 ауылында модульдік полиция пункті ашылып жатыр. Жаңадан ашылған полиция пункттері ауыл халқының тыныштығын, тәртібін қадағалауға қызмет етеді деп сенім білдіреміз”, деді аудан басшысы өз құттықтауында.

Айта кетерлігі, облысымызда пилоттық жоба ретінде қолға алынған жаңа форматтағы кеңселер алғаш болып ауданымызда ашылғалы отыр.

Жаңа жоба өз жемісін берген жағдайда ауданымыздың басқа ауылдарында да аталған кеңсені ашу көзделуде.

Жалпы ауданда 9 учаскелік полиция пункті болса, Шұбар ауылында жаңа, заманауи үлгідегі полиция кеңсесінің ғимараты тұрғызылуда.

Мұнан бөлек Бөген ауылындағы учаскелік полиция пунктіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

ПІКІР ЖАЗУ