Ордабасы: Республика күні халықты береке-бірлікке шақырады

Бүгін аудан орталығы – Темірланда тәуелсіз еліміз үшін айтулы мереке – Республика күні тойланды.

Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шарада аудан әкімі Азат Оралбаев тұрғындарды Республика күні мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

«Өздеріңізге белгілі, халқымыз үшін мәні ерекше мейрам биыл екінші жыл тойланып отыр. Тәуелсіздік жылдары еліміз экономикалық тұрғыда дамып, халқымыздың әл-ауқаты артты. Бұл ретте ауданымызда да өсім-көрсеткіш жақсы. Күні кеше осы айтулы мерекеге орай бірқатар ауылда әлеуметтік нысандар, инженерлік-инфрақұрылым құрылыс нысандары ашылып, ел игілігіне берілді. Мұның барлығы Республикамыздағы тұрақтылық пен қарқынды дамудың жемісі деуге толық негіз бар. Біз аудан тұрғындарымен береке-бірлікте алда талай ауқымды істерді, жасампаз жобаларды атқаратын боламыз», деді аудан әкімі мерекелік құттықтауында.

Салтанатты шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен қоғамдық жұмыстарға белсене ат салысқаны үшін бірқатар азаматтар министрлік Грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Мерекелік жиын концертке ұласып, аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары көрермендерге атаулы күнге арналған қойылымдар ұсынды.

Естеріңізге салар болсақ, осыдан 33 жыл бұрын 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде танылып, егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, рәміздері бекітілді.

Республика күнін мемлекеттік мерекелер қатарына қосуды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың I отырысында мәлімдеген болатын.

ПІКІР ЖАЗУ