Ордабасы: көрсеткіштердің орындалуы қатаң бақылауда

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті.

Жиынның күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 10 ай қорытындысымен орындалу барысы, күзгі тал егу жұмыстарына дайындық, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева өз баяндамасында жыл қорытындысымен орындалмау қаупі бар 3 индикаторға тоқталып, құс етін өңдеу, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін арттыру, тамақ өндірісі, жылыжай алаңын ұлғайту бойынша  статистикалық мәлімет ұсынды.

Аудан әкімі аймақтың экономикалық өсім-көрсеткішіне тікелей әсер ететін кәсіпкерлік, ауыл шаруашылы саласындағы осы уақытқа дейінгі жетістіктермен шектеліп қалмай жұмыс өнімділігін онан ары жоғарылатуды тапсырды.

Мәжілісте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков күзгі тал егу, көгалдандыру жұмыстары бойынша баяндап, аудан аумағына отырғызылатын көшет түрін, аудан кесіндісінде егілетін орындарды айтып өтті.

Өз кезегінде Азат Әбдіғалиұлы салалық бөлім басшысына, іс-шара жауаптыларына күзгі тал егу шарасында науқаншылдықтан арылып, ауданның климаттық жағдайына сәйкес келетін көшет ағаштарын отырғызуды, әрі оны күтіп баптауды қатаң қадағалауға алатындығын жеткізді.

Сондай-ақ мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша пилоттық жобаға енген Бадам, Қараспан, Бөржар, Шұбар ауылдық округтерінің әкімдері мен салалық бөлім жауаптылары аталған бағдарламаның ауданда орындалу деңгейін баяндады.

Аудан басшысы аталған бағдарламаның өсімдік, мал шаруашылығы бағытындағы жобаларына қатысуда көрсеткіші төмен округ әкімдеріне ескерту жасап, мемлекеттен берілетін қолдауға шаруаларды ұйымдастыруда шақырды.

Аппараттық мәжілісте сонымен қатар ауыл, аймақтың тазалығы да айтылып, аудан басшысы жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

ПІКІР ЖАЗУ