Ордабасы: халықтың ұсыныс-пікірі дер кезінде орындалу керек
Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен хаттамалық тапсырмалардың орындалуы бойынша мәжіліс өтті.
Аудан басшысының тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелерінің оңды шешім табу барысы талқыланған жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен құрылымдық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиналыста аудан әкімі аппаратының Ұйымдастыру – инспекторлық бөлімінің басшысы Марат Туреев келіп түскен өтініштердің қысқа және ұзақ мерзімде орындалуына қарай талдау жасап, аудан әкіміне қысқаша баяндама жасады.
Осы уақытқа дейін 10 ауылдық округ тұрғындарымен есепті кездесуде 100-ден астам ұсыныс-пікір тіркелген.
Бөлім басшысының айтуынша, коммуналдық сала бойынша 59, ауыл шаруашылық саласы бойынша 17 ұсыныс болса, 24 өтініш басқада салалардан түскен. Ал, ең көп ұсыныс-пікір түскен ауылдардың көшін Қараспан, Бөржар, Шұбар, Қажымұқан ауылдық округтері бастаған.
Аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелердің уақытылы, сапалы шешім табуы үшін жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырма жүктеп, орындалуын тікелей өз қадағалауына алатындығын жеткізді.