Ордабасы: ел игілігіне берілетін нысандар құрылысы сапалы әрі уақытылы аяқталуы тиіс

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков Қараспан ауылдық округіне қарасты ауыл, елді мекендерді аралап, өзекті мәселелерді тексеріп шықты.

Ауыл тұрғындарының игілігі үшін құрылысы жүргізіліп жатқан ауыз су, газдандыру жұмыстары бойынша мердігерлермен кездесіп, көгілдір отын жеткізіуде құрылыс кестесінен кешіккен мердігер мекеме басшыларына қатаң ескерту жасады.

Сапар барысында аудан әкімі Мақташы, Қараспан ауылдарындағы ауыз су қондырғы алаңында коммуналдық мекеме жауаптыларына халықтың қажетіне берілген нысандарды күтіп ұстау, тұрғындарға іркіліссіз ауыз су жеткізу жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Сондай-ақ, аудан әкімі қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Мәдени ауылындағы арықтар, каналдардың тазалық жұмыстарын, Бергендегі Арыс өзенінің арнасын бұрудағы жұмыстардың жай-күйін бақылады.

Азат Әбдіғалиұлы округті аралау барысында әсіресе бюджет қаржысына құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік, коммуналдық нысандардың сапалы әрі уақытылы ел игілігіне берілуін тікелей өз қадағалауына алып, күн сайын тексеру жұмыстары жүргізіліп тұратындығын ескертті.

ПІКІР ЖАЗУ