Ордабасы: аудан орталығында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті
Аудан орталығы Темірланда төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға басқару органдарын, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын дайындау мақсатында «Қыс – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Аталған оқу-жаттығуға аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, аудан деңгейінде төтенше жағдай орын алған кезде оны жоюға жұмылдырылатын азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдардың әзірлігін тексерді.
Алдымен инженерлік қызметтің әлеуетін бақылап, техникаларымен танысып, қысқа дайындығын бағамдады.
Қыс мезгілінде көрсетілетін қызметтерге дайын құрылымдар қатарында бұдан бөлек сауда және тамақтандыру қызметі, жанар-жағармай, энергетика мен жедел жәрдем, радиоциялық-химиялық қорғаныс қызметі, құлақтандыру және байланыс, су қызметі, КазТрансГаз және полиция қызметі мен төтенше жағдай және өрт сөндіру қызметтері бар.
Бұл құрылымдардың барлығы аудан әкіміне қысқа дайын екендіктерін жеткізді.
«Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың соңында аудан әкімі барлық құрылымдардың өкілдеріне қыс мезгіліне дайын болу қажет екенін айтып, азаматтық қорғау қызметі мен құрылымдардың жұмысына сәттілік тіледі.