Ордабасы: аудан әкімі жеңімпаз өнер ұжымын қабылдады

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл, Келес ауданының қайта құрылғанына 5 жыл, сондай-ақ «Келес» халық театрына 45 жыл толуына орай халықтық театрлар арасында өткен облыстық фестивальде Ордабасы ауданының өнерпаздары жүлдегер атанды.

Осыған орай бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарын қабылдап, жарқын жеңістерімен құттықтады.

Алқалы жиында аудан әкімі өнер ұжымының алдағы шығармашылық жобаларына сәттілік тілеп, арнайы Құттықтау хат табыстады.

Сонымен қатар, аудан әкімі «Театр өмір айнасы» атты облыстық фестивальде «Үздік декарация» номинациясымен жүлделі ІІ орын иеленген «Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театрын, Келес ауданы әкімінің арнайы жүлдесін жеңіп алған «Жастар» театрының ұжымын құттықтап, жасөспірім театр актерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлықтар үлестірді.

Марапаттау рәсімінде Алматы қаласында «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры ұйымдастырған  республикалық байқауда «Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері» номинациясын жеңіп алған жас талант Берік Бейсенбайға құрмет көрсетті.

Сондай-ақ мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесуде Азат Әбдіғалиұлы ауданның мәдениет саласын онан ары дамыту бойынша сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Әрі аудандық Мәдениет үйінің ішкі техникалық базасын, тетар репертуарын жаңарту, сахналық безендірілуін реттеу секілді бірқатар мәселені айтып өтті.

ПІКІР ЖАЗУ