Ордабасы: аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті.

Мәжілістің күн тәртібінде төтенше жағдайлардың және су тасқынының алдын алу шаралары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің атқарған жұмыстары мен өзекті мәселелері, аудандық ветеринариялық қызметі бөлімінің 2023 жылдың 9 айында атқарған жұмыстары жөнінде есебі тыңдалды.

Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жомарт Қоспанов жылыту маусымына орай тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп ауылдардағы осал топтағы азаматтарды анықтап, оларға газосигнализатор қондырғыларын орнатуға ықпал етіп, оқыс оқиғалардың алдын алуды ұсынды. Сондай-ақ, жылыту маусымына байланысты ауылдың көрнекі орындарына үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру жағын айтып өтті.

Бөлім басшысы баяндамасында аудан аумағында су тасқынының алдын алу және оның салдарын азайту мақсатында су шаруашылығы мекемелерімен ақпарат алмасу арқылы су тасқынының алдын алу, қыс-көктем айларында су тасқынының алдын алу үшін округ әкімдерімен бірлескен жұмысты күшейту жағына мән берді.

Салалық мекеменің есебін тыңдаған аудан басшысы округ әкімдері мен бөлім басшыларына ауылдардағы арық-атыздардың тазалануын қадағалауға алып, су бөгеліп, тасуының алдын алуды тапсырды.

Мәжілісте аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ардақ Талдыбаев бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталып, бірқатар мәселелерді ортаға салды. 1-6 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтама, «Қамқорлық» бағдарламасының көрсеткіші, мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау, «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысы жөнінде баяндады.

Аудан әкімі сала жауаптыларына әлеуметтік аз қамтылған топтарға көмекті күшейтіп, мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетуді тапсырды.

Әрі ауданда құрылысы жүріп жатқан нысандарда мүгедектерге арналған пандус орнатылмаған жағдайда жауапты мекеме нысанды мемлекет меншігіне қабылдамау керек деді.

Аудандық ветеринариялық қызметі бөлімінің басшысы Бақытжан Хаджамуратов аталған бөлімінің осы жылдың 9 айында атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді.

Жауапты бөлім басшысының айтуынша вакцина егу, аллергендік тексеру, дегельминтизация бойынша жүргізілген іс-шараларға тоқталып, вакцинаның аз келуіне байланысты аусыл бойынша көрсеткіштің орындалу көрсеткішінің төмендігі туралы мәлімдеді.

Жәнеде аудан аумағында 19-дан аса қауіпті ауруларға қарсы жүргізілетін профилактикалық іс-шаралардың нақты индикаторлық жағдайын баяндады.

Өз кезегінде аудан әкімі салалық бөлімге қаңғыбас, құтырған үй жануарларымен жұмысты жүйелеп, Қырым қанды безгегінің алдын алу, Сібір жарасының ошағын оқшауларға байланысты нақты міндеттер жүктеді.

Аудан әкімдігінің кеңейтілген мәжілісінде алдағы қыс маусымына орай жылыту жүйелерін іске қосу, көшелерді жарықтандыру, жасылдандыру, ауыл шаруашылық саласының «Алтын күз» мерекесіне дайындық барысы пысықталды.

ПІКІР ЖАЗУ