OrdaAutism: Астанада ерекше балаларға тегін қызмет көрсететін төртінші орталық ашылды

 Елімізде аутизмге шалдығатын балалардың көбеюі осы бағытта оңалту орталықтарының санын да арттыруды қажет етуде. Осыған орай Астанада мемлекеттік тапсырыспен ерекше балаларға тегін қызмет көрсететін «OrdaAutism» түзету орталығының төртінші филиалы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның ашылуына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қатысып, жаңа ұжым жұмысына сәттілік тіледі.

Орталықты 2016 жылдан бері жұмыс істейтін Астана қалалық «Orda» аутизмі бар балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігі ашып отыр. Бұған дейін олар ашқан 3 орталық жылына 500-ден астам баланы түзету және оңалтумен айналысатын. Мұнда ғылыми дәлелденген, ең тиімді, заманауи әдістемелер қолданылады және арнайы дайындықтан өткен мамандар жұмыс істейді. Ерекше балғындардың ата-аналарына да психологиялық қолдау көрсетіледі.

Мемлекет басшысы мүгедектігі бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту бойынша заманауи әдістер мен тәсілдерді енгізуге, ұлт саулығына ерекше көңіл бөледі. Осы ретте орталық жұмысының мақсаты – аутизм бойынша белгілері бар ересек балаларды компьютерлік сауаттылыққа үйрету, аспаздыққа баулу, тігін, егіншілік, қолөнерді меңгерту және басқа да жұмыстар бойынша кәсіби бағдарлау. Олардың дене тәрбиесі үшін орталықта фитнес зал мен үстел теннисі де ашылған. Осымен сегізінші жыл қатарынан жұмыс істеп келе жатқан біздің орталықтар аталған бағыттарда әлеуметтік қызметтерді 1,5-18 жас аралығындағы аутизмі бар балаларға тегін көрсететін жалғыз мекеме, – деді Астана қаласы «Orda» аутизмі бар балалар ата-аналарының қоғамдық бірлестігі төрағасы Салтанат Есмағанбетова.

Жаңа ғимаратта аутизмге шалдыққан балаларды оңалту мен түзетудің тың форматтары енгізілген, мекеме жұмысы осы ретте заманауи машықтар мен әлеуметтендіруге қол жеткізуге бағытталған. Оның ашылуы үшін қаншама ресурс пен күш салынды. Осыған орай орталық басшысы Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 7 жыл бойы серіктес болып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.

Аутизм – өмір бойына адам бойында қалатын нейробиологиялық ауытқушылық. Бұл ұлтына, әлеуметтік тобына қарамай кездесетін ауытқушылық қыз балаларға қарағанда ұлдарда 4 есе көп кездеседі. Аутизм адамның өзгелермен дұрыс қарым-қатынас құруына кедергі келтіреді. Әлемде бұл ауытқушылық 67 млн адамда бар екені анықталған, әрбір төртінші бала аутизм ауытқушылығымен туылады. Әдетте аутизм белгілері 3 жасында нақты белгілі болады, оған дейін түрлі деңгейде көрініс табады. Дәл қазіргі уақытта осындай балаларды кәсіби тұрғыда түзету жұмыстары еліміз үшін өте өзекті және маңызды болып отыр, – деді өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырған бірлестік басшысы Есмағамбетова.

Бұл қиындыққа өзі тікелей ұшыраған Салтанат Есмағамбетова баласы үшін дефектолог, психолог мамандықтарын оқып, осы салада орталық ашуға бел буған және өзі сияқты ата-аналарды бұл іске тартқан. Қазіргі таңда орталықта еңбек ететін қызметкерлердің көбі – аутизмі бар балалардың ата-аналары.

800 шаршы метр аумақты алатын жаңа орталықта толығымен жабдықталған 20-дан астам кабинет бар. Бұл жерде логопедтер, дефектологтар, психологтар, бейімдеу дене тәрбиесі бойынша нұсқаушылар, музыка терапия мамандары және тағы басқа сала қызметкерлері жұмыс істейді. Балалардың үйіне барып, әлеуметтік қызмет көрсететін мамандар да бар.

Балаларды оңалту мен түзетуде сапалы қызмет көрсету үшін оларды әлеуметтендірудің маңызы зор. Себебі бұл балаларға қарым-қатынас жетіспейді. Біз сол себепті батыстық әдіс бойынша жұмыс істеуді, яғни әр топқа балаларды аз-аздан, олардың машықтарына, жасына және қажеттілігіне қарай жинақтауды көздеп отырмыз. Менің қызым қазір 18 жаста, жағдайы өте жақсы, үздіксіз оңалту және түзету жұмыстары өз нәтижесін беретінін жеке тәжірибем арқылы айтқым келеді, ата-аналарға ешқашан күдер үзуге болмайды. Осы орайда біз сондай балалардың ата-аналарын жұмысқа алып, оларды арнайы оқытамыз, – деді бірлестік төрағасы.

Оның айтуынша, олар Астанадағы аутизмі балалар балалардың шамамен 25 пайызын қамтып отыр.

«Әлемде бұл ауытқушылықтың нақты себептері анықталмаған. Дегенмен соған апаратын жайттар туралы айтсам, біріншіден, генетикалық фактор, экология және әйелдердің балаға жүкті кезіндегі денсаулығында болған қиындықтар мен ауыр жағдайда босануы сынды жағдайлар әсер етуі мүмкін», – деді С. Есмағанбетова.

Іс-шараға қатысқан қонақтар орталықтың лентасын қиған соң ғимарат ішін аралап көрді. Салтанатты ашылу рәсімінен соң басқарма басшылары қолдау білдіргені және демеуші кәсіпкерлер ғимаратты безендіруге, жабдықтауға көмектестені үшін Алғыс хатпен марапатталды. Орталықтың бұған дейінгі үш филиалы Тұран, 9, Б.Майлин, 21 және Ә.Бөкейхан, 25В мекенжайлары бойынша орналасқан болса, жаңадан ашылған филиал ғимараты Кенесары, 80 мекенжайында орналасқан.

ПІКІР ЖАЗУ