Оразаны Рамазан айынан бөлек тағы қандай уақытта ұстауға болады?

Жалпы, Ислам дінінде ораза тұтуға рұқсат етілген бірнеше мезгіл бар. Олардың екеуі Рамазанға дейін, біреуі одан кейін орналасқан.

Ол оразалардың сауабы мен шарты, Қадір түнінің қасиеті мен оразадағы қарыз боп қалған күндерді қалай қайтару керектігі жайлы Экспресс К тілшісі Жамбыл облыстық “Һибатулла Тарази” мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпектен сұрап білді.

Оның айтуынша, жылдан жылға ораза ұстаушылардың қатары артып келеді. Алайда көбінің діни сауаты саяз. Сондықтан наиб имам жүртшылыққа ораза тұтудың жолдарын жан-жақты түсіндіру қажет деп санайды.

Ғалымбек Жәпек / ©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ
Ғалымбек Жәпек / ©ЭК/Нұржан МЕРГЕНБАЙ

Экспресс К: Рамазан айының соңына таяп қалдық. Жалпы, бұл айдың ерекшілігі қандай?

Ғалымбек Жәпек: Рамазан — қасиетті Құран түскен ай. Ол басқа айлардан сонысымен артық.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтады: “Бұл ай сендер үшін қайырлы ай. Кімде-кім осы айда үмітпенен Алладан жалбарынып өтетін болса, Алла тағала оның барлық күнәсін кешіріп, дұғасын қабыл етеді!” — дейді.

Рамазан айының алғашқы 10 күні мейірім күндері деп аталады. Бұл уақыт мұылмандарға Алланың мейірімі түсіп тұрсын деп берілген. Екінші 10 күндігі — кешірім күндері. Алла осы уақыт ішінде құлдарының бәріне кешіріммен қарайды екен. Соңғы он күн — ықылас күндері. Шынайы ықылас — үмітпен жалбарынып сұрап, түндерді құлшылықпен өткізсе, Алла ондай құлдарына тозақ оттарын харам етеді екен. Міне, сондықтан Рамазанның соңғы он күні ерекше болатындығының бір себебі де осында. Бұл уақытта мешітке келіп, күні-түні осында болып, құлшылық қылатындардың қатары көбейеді. Мешіттер де тисініше осы он күнді жақсылап өткізуге тырысады.

Экспресс К: Ал Қадір түні қай кезде келеді?

Ғалымбек Жәпек: Абу-Ханифа мазхабындағы ғұламалар бір ауыздан келісіп, Рамазан айының 26-сынан 27-сіне қараған түнді Қадір түні деп белгілеген. Дей тұрғанымен, пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазан айының соңғы 10 күнінде Қадір түнін күтіңдер деген. Сондықтан, соңғы 10 күн бойы үмітпен өткіземіз. Бұл айдың тағы бір ерекшелігі осы. Бұл түн мың айдан да қайырлы болып есептеледі. Мың ай дегеніміз 83 жас 4 ай. Бір адамның ғұмыры. Сондықтан, осы уақытта 83 жылдың сауабын жинау алу мүмкіндігі беріліп отыр.

Экпресс К: Ал ораза тұтып жүріп, қандай да бір себептермен ауыз бекіте алмай қалған адамдар не істеуі керек? Ол күндер қалай өтеледі?

Ғалымбек Жәпек: Шариғатымызда бес күн ораза ұстау харам деп айтылған. Соның бірі жұма күні. Рамазан айының жұмасынан бөлек әрине. Басқа уақыттағы жұмада ораза тұтуға болмайды. Сондай-ақ Ораза айт күні ұсталмайды. Және Құрбан айттың үш күнінде ораза ұстау харам. Міне, осы бес күн болмайды. Қалған күндердің барлығында келесі Рамазанға дейін сіз қаза болған оразаңызды ұстасаңыз болады. Алайда кімнің қай уақытта бар-жоғын бір Алла біледі. Сондықтан ертерек құтылған абзалырақ болады.

Экпресс К : Рамазан айынан бөлек ауыз бекітуге болатын айлар туралы айтып берсеңіз…

Ғалымбек Жәпек: Рамазан айына дейін Ережеп, Шағбан деген екі ай бар. Ол айлардың басында, ортасында және соңында үш күннен ауыз бекітеді. Сонымен келіп отыз күн Рамазанға кіріп кетеді. Ережеп пен Шағбан айлары парыз емес. Олар Рамазанға дайындық сияқты. Рамазан біткеннен кейін Шәууәл деген ай бар, айт өткеннен кейін 6 күн ораза ұсталады. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтады : “Кімде-кім Рамазанның оразасын ұстаса, әрбір күнге 10 күннің сауабы жазылады”. Яғни 30 күнде 300 күн болады. Және Шәууәл айының 6 күнінде ұстаса, оған да 10 күннен 60 күннің сауабы жазылады. Сонда Рамазан мен Шәууәл айларын қоссақ, ораза ұстаған адамға 360 күн, яғни, 1 жылдың сауабы жазылады деген сөз. Міне, бұл айлардың кереметтігі де осында.

Экспресс К: Әңгімеңізге рахмет!

ПІКІР ЖАЗУ