Оралдық сарбаздар жасөспірім қызды зорлық-зомбылықтан құтқарып қалды

Ұлттық Ұланның Орал қаласындағы №5517 әскери бөлімінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Оқыс оқиға 5 наурыз күні кешкісін Абай даңғылы мен Құрманғазы көшесінің қиылысындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Осы маңайда патрульдік қызметте жүрген Ұлттық Ұлан сарбаздары қыз баланың көмек сұрап шыңғырған даусын естіген. Жедел жүгіріп жеткенде қараңғы қалтарыста 13 жастағы қыз балаға екі қатарласының күш көрсетіп жатқанын көрген.

Біз қызды көргенде оған көмек қажет екенін бірден түсіндік. Балалар арасындағы дау төбелеске айналған. Біз дереу орталарына түсіп, жағдайды реттедік”, – дейді қатардағы жауынгер Ғаламат Нұрберген.

Қызға әлімжеттік қылған екі жасөспірім сол жерде полицияға тапсырылыпты. Ал зардап шеккен оқушыға медициналық көмек көрсетілген. Әскери қызметкерлер қыз баланы буллингтен құтқарып қалғаны жөнінде ешкімге тіс жармаған. 

Ұлттық Ұлан басшылығы болған жайтты 9 күннен кейін ғана білген. Жәбірленушінің анасы Татьяна Ефремова алғысын айтып, әскери бөлімге арнайы келген. Егер патрульдік қызмет сарбаздары болмағанда қызым бұдан да ауыр дене жарақатын алуы ықтимал еді, – дейді ол.

ПІКІР ЖАЗУ