Оралда 13 адамға 56,5 млн теңге залал келтірген әйел сотталды
Оралда қаржы пирамидасын құрып, пайда тапқан А. деген әйел ҚР ҚК 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы, 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметовтің мәлім еткеніндей, Орал қаласының тұрғыны қаржы пирамидасын инвестициялық ұйым ретінде таныстырып, пайда табудың екі бағытын ұстанған.
Нұрбол Жолдасұлының сөзіне қарағанда, салымшыларға қаражатты Vista шоттары арқылы инвестициялау шетел валютасындағы депозиттік шоттар қағидасы бойынша жинақтардан пайда алуға мүмкіндік береді деп сендірген. Екіншіден, 10 жылға дейін бөліп төлеумен пәтерді одан әрі сатып алу үшін шоттағы ақшаны үнемдеуге болады делінген. «Hermes Managament Ltd»-нің ең аз инвестиция сомасы ақшаны депозитке салу кезінде 1100 еуро болған, шетел валютасына салынған сомадан 20 пайыз жылдық минималды табыс ұсынылған.
Сондай-ақ іскер азаматтарға жаңа инвесторлар тарту арқылы табыс табу ұсынылып, осылайша директор деңгейіне жеткеннен кейін айына 1000 еуроны құрайтын тұрақты жалақысы мен VISTA шоттарындағы барлық депозиттерден 2 пайыздан 18 пайызға дейінгі пассивті кіріс қамтамасыз етілген. «Осының бәрі заңсыз ұйымның қызметіне оң әсерін тигізіп, оған 42 адам тартылған. Соның ішінде 13 азаматқа 56,8 миллион теңге мүліктік залал келтірілді. Сотталған А-ның заңсыз жолмен тапқан қаражатына елордадан сатып алынған пәтері сот үкіміне сәйкес азаматтарға келтірілген залалды өтеу ретінде пайдаланылатын болады», – дейді Н.Ахметов.
Сол секілді К. деген әйел тағамдық қоспалар мен басқа да дәрілік заттарды әзірлеуге арналған қаражатты қаржыландыруды және оларды сатудан депозит сомасынан пайыздық мөлшерде пайда алуды ұсынған инвестициялық ұйымның атын жамылып, заңсыз әрекеттерді ұйымдастырған. Жаңа инвесторларды тартып, қосымша қаражатты инвестициялау үшін ай сайынғы сыйақы алуға мүмкіндік беретін ынталандырушы мансап сатысы әзірленді. Мысалы, бес жеке деңгейдің біріне қол жеткізу үшін 3,5 млн теңгеден 55 млн-ға дейінгі сомаға қаражат салу қажет, соған сәйкес 0,03 пайыздан 0,5 пайызға дейінгі инвестициялық бонус төленген.
Инвесторларға табыс пен сенім ұялату үшін сатып алынған көліктер, жылжымайтын мүліктер мен шетел сапарларының фотосуреттері бар жоғары кірісті көрсететін үгіт-насихат жұмыстары белсенді жүргізілген. «Тартылған инвесторлардың жалпы саны 185 адамға жетіп, оның 150-іне 211 млн теңге мүліктік залал келтірілген. Осындай қылмыстық әрекеттің нәтижесінде алынған 31 миллион теңге айырбастау түріндегі операциялар арқылы заңды айналымға жіберілген. Сот үкімімен К. кінәлі деп танылып, 217-баптың 3-бөлігі 2-тармағы, 218-баптың 2-бөлігі 3-тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Ол – тек облыс аумағында 5 жылға сотталған алтыншы әйел», – деді Н.Ахметов.
Ахметовтің келтірген мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері департамент өндірісінде 37 қылмыстық іс тіркелсе, соның 25-і аяқталған. Біткен істердің басым бөлігі сотқа жіберілген. Аяқталған істер бойынша белгіленген залал 837 млн теңге болса, тыйым салынған қаражатты қоса алғанда, соның 365 млн теңгесі өтелді.
Сондай-ақ көлеңкелі экономика саласында 468 млн теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды беру дерегі анықталды, салдарынан мемлекетке төленбеген салық түрінде келтірілген залал көлемі 100 млн теңгеден асты. Еске сала кетейік, бұдан бұрын жалған шетел валютасын өткізу фактілері жиілеп кеткенін жазған болатынбыз.