Оңтүстік айналма жолы – транзиттік көліктердің қала сыртымен жүруіне мүмкіндік береді
Шымкент қаласы маңындағы ірі жол-көлік инфрақұрылымының бірі – Оңтүстік айналма жолы салынуда. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов аталған жол құрылысының қарқынын қадағалады.
Айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды.
Ұзындығы 16 шақырымды құрайтын айналма жол барлық транзиттік көліктерді қала сыртымен жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде.
Жоба бойынша көшенің ені 9 метрді құрайды.
Бүгінде Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған. Жол құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып отыр. Бұл жоба қаламыздың инфрақұрылымын дамыту мақсатындағы қажетті жобаның бірі болып есептеледі.
Нысан басына барған Мұрат Дүйсенбекұлы құрылыстың сапалы орындалуын басты назарға алуды және жоспарға сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі