Өңір басшысының Бәйдібек ауданы тұрғындарымен кездесуі өтті

Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапары аясында аймақтағы бірқатар маңызды нысандардың құрылыс алаңдарына барып, олардың дайындық деңгейін қадағалады. Өңір басшысы Шаян ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы шеңберінде салынып жатқан мектеп құрылысымен танысты, «Бәйдібек ата» су қоймасындағы құрылыстың барысын зерделеді.

Аудан тұрғындарының қатысуымен өткен жиында өңір басшысы, Бәйдібек ауданындағы пайдалы қазбаларды зерттеп, анықтап, соған сай жаңа өндіріс орындарын ашу керектігіне назар аударды. Бұл ретте, ауданның әлеуеті жоғары екенін айтып, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту маңызды басымдық болып табылатынын жеткізді. Ауданның даму мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған жұмыс жиынына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев қатысып, азаматтардың нақты сұраныстарын және аудан әкімдігінің оларды шешуде атқарып жатқан жұмыстарының есебін тыңдады.

Аудан әкімі Ерлан Нұрмахановтың есебінде жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы үш жылда 29 пайызға өсіп, 61 млрд теңгені құрайтыны айтылды. Биылғы жылдың бес айында ауданда 15 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, өзіндік кірістердің үлесі 1.2 млрд. теңгеге жеткен. Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жалпы құны 24,9 млрд. теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру арқылы 254 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланғаны айтылды.

Кездесуде тұрғындар инфрақұрылымды жақсарту, спорт кешенін салу, электр қуатының сапасын арттыру мәселелерін көтерді. Өзекті мәселелерді шешудің жоба-жоспарлары таныстырылды. Кездесу жиынынан соң облыс басшысы, жеке қабылдау өткізіп, азаматтардың нақты сұраныстарын тыңдады. Өңір басшысының қабылдауына жазылған тұрғындар ауданның жер қорын ұлғайту, шалғайдағы елді мекенге мектеп пен медициналық бекеттің құрылысын жүргізу, денсаулық сақтау жүйесіне жататын ғимаратты пайдалануға беру мәселесі, тұрғын үймен қамту және кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету мәселелерін қозғады. Азаматтар білдірген өтініштердің орындалуы тиісті басқармалардың бақылауына алынды. Партияның өңірлік филиалы да тұрғындар көтерген мәселелердің шешім табуын назарында ұстайтын болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ