Өлке тарихында есімі ерекше аталатын тұлға
Ауданымыздың тарихы рух пен даналыққа, ерлік пен өрлікке, намыс пен қайратқа тұнып тұр. Ұлылардың алтын бесігі болған қасиетті мекен – Түлкібас өңірі жұлдызы жарқыраған да, ел басына қара бұлт үйірілген де қилы заманды көрді. Өткенімізді білу, бүгінімізді бағалау, кемелденген келешекке жол салу, болашақты бағдарлау бүгінгі ұрпаққа артылған міндет. Шежірелі Түлкібас өңірінің Жабағылы ауылы да тұмса тарих қоймасы. Өлке тарихында есімі ерекше аталатын тұлға – Әбдімәлік Тәшенұлы.
Аудан көлемінде «Туған ауылымның шексіз тарихы» атты жоба аясында Әбдімәлік Тәшенұлының туылғанына 95 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті. Жабағылы ауылдық кітапханасының меңгерушісі Зоя Сейтбекова және Гүлнар Баубекованың ұйымдастыруымен және ауыл әкімдігінің ұйытқы болуымен Ә.Молдағұлова атындағы ЖОМ-де жергілікті ақын Ә.Тәшеновтың 95 жылдығына орай «Құт мекенге танымал тұлға» атты еске алу кеші болып өтті. Атаулы шара «туындылары тұнық, тұлғасы биік» атты кітап көрмесін таныстырумен бастау алып, жиын мектептің акт залында еске алу кешіне ұласты. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары М.Жанесен, Сайрам ауданының Құрметті азаматы К.Таңсық, інісі Е.Тәшенов, жергілікті ақындар Ә.Аралбайұлы, А.Боранбайұлы және Ә.Тәшеновтың жақын туыстары, бауырлары, немерелері мен шөберелері қатысты. Салтанатты еске алу кешінде танымал тұлғаның немерелері мен шөберелері аталарының шығармаларын орындап, қалың көпшілікті өнерлерімен тәнті етті. Сонымен қатар, Ә.Молдағұлова атындағы ЖОМ-ның оқушыларын Ә.Тәшеновтың жұбайы Ақеркемен жастық шақтарын еске алған керемет көріністі көрерменге тарту етті. Аудандық мәдениет саласының үздіктері қасиетті домбыраның үнін қосып ән айтып, күй шертті. Салтанатты шараның келесі кезеңі «Сыр сұхбат» айдарымен жалғасын тапты. Облыстық және республикалық байқаулардың лауреаты, Түркістан облыстық Мәдениет саласының үздігі, аудандық мәдениет саласының қызметкері Б.Байжұманың жүргізуімен өткен сыр сұхбатқа ақынның қарындасы Сайрам ауданының Құрметті азаматы Таңсық Кенжеқызы, ақын әрі замандасы Ә.Аралбайұлы және туған інісі, Есенбек Тәшенов қатысып, өткен шаққа оралып, әдемі естеліктерімен бөлісті. «Жігітке жеті өнер де аз десек, ағам Әбдімәліктің өнері одан да көп. Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайтыны баршамызға аян. Сондай күндердің бірінде жеңгем Ақеркемен сөзге келіп қалса керек, дастархан басында отырғанда ақылың болса үйленбе деуші еді. Кейін үйленбе деп ақыл айтып жүрген ағам өзі «жеңгетай» болып, балдызын маған таныстырып бізді үйлендірді. Сөйтіп ағаммен бажа болдым» – деп қызықты сәттерімен бөлісіп, көрермендереге жақсы көңіл-күй мен көпшілікке әзіл-қалжыңдарын айтып берді. Осылайша әдемі естеліктерге толы «Сыр сұхбат айдары» ақынның көпшілік біле бермейтін қырларын көрсетті. Сонымен қатар,Бақытжан Байжұманың ұйымдастыруымен Ә.Молдағұлова ЖОМ-ның директорыСейдалиева ГүлшираОлжабайқызына “Оқуға құштар мектеп” акциясы аясында кітаптар тарту етті.
Концерттік бағдарламадан соң Ә.Тәшеновтың атына кабинет ашылып, жаңа кабинеттің лентасын ауданымызға белгілі ақын Әбдібек Аралбайұлы мен сатирик ақын Алпысбай Боранбайұлы қиды. Аталарының аты ұмытылмасын деп ұл-қыздары, немерелері бір жағадан бас шығарып, жұдырықтай жұмылып, осындай игі іске қаржылай қолдау көрсетіп, заманауй кабинетте мектеп оқушыларының сапалы әрі соңғы үлгіде жабдықталған кабинетте білім алуларына қолдау білдірді. Осындай артында қайырымды ұрпақ қалған адамның аты да хаты да өшпесі анық.
Әбдімәлік Тәшенұлы қырық жылдан астам ғұмырын қазақ тілінің мәртебесін өсіруге арнаған. Өмірінің басым бөлігін туған жеріндегі теміржол мектебінде өткізсе, бүкіл ғұмырын оқушыларға саналы тәрбие, сапалы білім беруге, ауданымызда өткізілген игі істердің басы-қасында болып, дамуына атсалысқан. Жалынды да жарқын, рухты өлеңдерімен халықты рухани байлықпен сусындатқан, жаны таза, иманы берік, тіршілігінде адамгершілік арына дақ түсірмеген, ақын Әбдімәлік Тәшенұлының өмірі кім-кімге де үлгі боларлықтай.
«Таныттым барлығына Әліппені» – деп өмірдің қым-қиғаш жолында сүрінбеуді, өмірден өз орындарын табуды үйретіп, қамқор әке бола білді. Бүгінде Әбдімәлік Тәшеновтың тәрбиелеп өсірген 10 ұл-қызынан 41 немере, 48 шөберелері тарап отыр.