Өгей әке жасөспірімді үш жыл бойы қорлап келген

Түркістан облысында зорлаудың тағы бір фактісі тіркелді. Төлеби ауданында жасөспірім өзін өгей әкесі үш жыл бойы зорлап, ашық фото-видеолармен сес көрсетіп келгені туралы мәлімдеме жасады. Осы уақытқа дейін қорқып келген 14 жасар қыз бұл жағдай туралы енді ғана айтуға бел байлапты. Бүгінгі таңда 49 жастағы күдікті ер адам ұсталды. Полиция істі тергеп жатыр. 

Зорлап, сес көрсетіп келген. Түркістан облысында 14 жасар қыз өзін өгей әкесі қорлап келгенін айтты. Жасөспірімнің сөзінше, бұл жағдай алғаш рет қыздың небәрі 11 жасында болған. Алайда, 49 жастағы ер адам, мұнымен тоқтамай, бірнеше рет зорлық жасады дейді ол. Онымен қоса, ашық фото-видеолармен де қорқытқан көрінеді.

«Егер мен оның айтқанын тыңдамасам, барлық видео мен суреттерді интернетке жүктеймін деді. Ол менің сіңлілеріме де қол тигізгенін, оларға көз салғанын айтты», – дейді жәбірленуші.

Кезекті бір жағдайдан кейін жасөспірім шетелде жұмыс істейтін әкесіне қоңырау шалыпты. Сөйтіп, қыздың жақындары оны алып кеткен. 14 жасар қыз тек содан кейін ғана үш жыл бойы қандай сұмдық жағдайда өмір сүргенін айтып берген көрінеді. Дегенмен, туыстарының сөзінше, қыздың туған анасы болып жатқан жағдай туралы білген екен. Алайда ол, тіпті полицияға арыз жазудан бас тартыпты.

Сайера Әлімбекова, әпкесі: “Аптасына үш рет, бұл қалай? 12 жасар қызға? Бұл адам емес, педофил. Қыздың өзі анасының хабардар екенін айтты, үш жыл бойы анасы біліп келген”.

Жақындарының сөзінше, жәбірленушінің отбасында тағы 4 бала бар. Оның үшеуі қыз. Жасөспірімінің туыстары полицияға арыз жазған. Қазір ер адам ұсталды.

Ақерке Шалқарова, Түркістан облысы ПД аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі: “Осы жәйт бойынша полицейлер ҚР ҚК 120-бабы «Зорлау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Күдікті ретінде Төлеби ауданының тұрғыны анықталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта жедел тергеу шаралары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды”.

Қыздың туыстары тергеу ашық түрде жүреді және ер адам қатаң жазаға тартылады деп үміттенеді. Ал егер ер адамның кінәсі дәлелденсе, ол он бес жылдан он жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ПІКІР ЖАЗУ