Облыстағы су айдындары бақылауда тұр

Түркістан облысы аумағында жалпы 41 су қоймасы, 12 су торабы,  120 өзен бар. Су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында бүгінде өзекті болып тұрған Сырдария өзені бойында тұрғызылған 97,5 шақырым қорғаныс дамбаларының жағдайы толықтай зерделенді. Сәйкесінше, Шардара ауданы, Сүткент елді мекені тұсындағы ұзындығы 760 метр, ені 5-6 метр,  ал, биіктігі 8 метр болатын қорғаныс дамбасы 154 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл туралы Түркістан өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз брифингінде Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт сөндіру басқармасының бастығы Асанғали Төлепбергенов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, 2022 жылдың күзінде басталған Сырдария өзенінен бастау алатын каналдардың тоспаларын бекіту, топырақпен нығайту жұмыстары желтоқсан, қаңтар айларында толығынмен аяқталған.

 «Қандай да бір төтенше жағдай қаупі орын алған кезде Сырдария өзенінің бойындағы елді мекендерде орнатылған «Үлкен су» локалды құлақтандыру жүйесі тексеріліп, дайындыққа келтірілген. Ал, Шардара су қоймасының қазіргі жағдайына келсек, қойманың толуы бүгінгі таңда 77%, яғни 3997 млн. текше метрді құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда қоймада 1,5 есеге артық су жиналғанын көрсетеді» деді Асанғали Мәдиханұлы.

Өз кезегінде «Қазсушар» РМК  Түркістан филиалының директоры Қазыбек Бедебаев бүгінгі таңда елді мекендерді су басу қаупі жоқ екенін тілге тиек етті. Су ресурстары комитеті тарапынан осы жағдай бақыланып отырғанын алға тартқан ол «Қазсушар» мекемесінің барлық өндірістік бөлімшелерінде тасқын судың алдын алу бойынша қауіпті учаскелерді қатаң бақылауға алып, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылғандығын жеткізді.

–  Көксарай су реттегішіне алынып жатқан судың нақты көлемі – 1008,37 млн. текше метр. Бүгінде Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 600 текше метр, Шардара су қоймасынан Қызылқұм магистральды каналына секундына 11 текше метр, Арнасай су торабынан Айдаркөл ойпатына 300 текше метр су тасталынуда, – деді Қазыбек Қошқарбекұлы.

Айта кетерлігі, күнделікті Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік өрт сөндіру мекемесі су шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп, су қоймалары мен өзендерге күнделікті мониторинг жүргізуде. Олардың берген мәліметіне сәйкес, бүгінге су қоймалардың толуы жалпы 30-35 пайызды құрайды, ал, таудағы қардың қоры күтілетін нормадан төмен.

 

ПІКІР ЖАЗУ