Облыс әкімінің орынбасары аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады
Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев аудан тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады.
Арыз-шағымын айтқан аудан жұртшылығы – мектеп тапшылығын шешу, мектеп ғимаратын жөндеу, жаңа емхана салу мәселелерін көтерді. Сонымен бірге бір тұрғын ауданға жаңа типті кітапхана ғимаратын салу жөнінде ұсынысын айтты. Аудандық орталық кітапхананың ғимараты 1968 жылы салынып, соңғы рет 2011 ж. жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның айтуынша, кітапхана заман талаптарына сай емес, сондай-ақ кітап қорының артуына байланысты кітап сақтайтын қойма орындары тапшы. Бұл ретте Б.Тәжібаев жаңа үлгідегі типті кітапхананың дайын ЖСҚ жобасы бар екендігін айтты. Дейтұрғанымен аудан орталығындағы кітапханаға сай келетін ғимаратқа ауыстыру мәселесі қарастырылатынын да жасырмады. Аталған екі ұсыныс кеңесте қаралатынын алға тартты.
Сондай-ақ, Манкент ауылдық округінің тұрғыны бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығын салу қажеттігін көтерді. Белгілі болғандай жаңа ғимараттың құрылысына 1,0 га жер телімі бөлінген. Сондай-ақ, мемлекеттік актісі рәсімделіп, инженерлік жүйелерге техникалық шарттары алынған. Бұл бойынша облыс әкімінің орынбасары қабылдау соңында аталаған жер телімін барып көріп, алдағы уақытта инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.
Қабылдау барысында тиісті басқарма мен бөлім басшыларына тапсырма жүктеді.
Өңір басшысының орынбасары қабылдауға келген азаматтардың мәселелері жан-жақты зерттеліп, шешімі заң талаптарына сәйкес қарастырылатынын жеткізді. Кейбір мәселелер бойынша жауапты тұлғалар заң аясында түсіндірме беріп, шешу жолдарын ұсынды.