Облыс әкімі аппаратының басшысы Түлкібас ауданындағы өзекті мәселелермен танысты
Бүгін Түлкібас ауданына облыс әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов келіп, аудан аумағындағы өзекті мәселелермен танысты. Спорт, медицина, темір жол, жол және коммуналдық салаға қатысты түйіні шешілмей тұрған біршама нысандарды арнайы аралап, олардың шешу жолдарын жауапты мекеме басшыларымен бірге талқылады.
Аудан әкімінің салаға жауапты орынбасарларына іссапар барысында қаралған әр мәселе бойынша толық зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құжаттарын толық жинақтап, ұсыныс беруді тапсырды.
Содан соң аппарат басшысы аудан әкімдігінің мәжіліс залында мекеме басшыларымен жиын өткізіп, аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстар барысын және аймақтың дамуына кедергі болып тұрған мәселелерді талқылады.
Аудан әкімінің орынбасарларының баяндамасынан соң әр сала бойынша кемшіліктерді саралап, заң талаптарына сай шешу мақсатында мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, әр салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарына аудан аумағындағы өзекті мәселелерге қатысты құжаттарды толық жинақтап, облыс әкімінің аппаратына жолдауын тапсырды.
Кездесуде мекеме басшылары сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді. Аппарат басшысы мемлекеттік қызметкерлерді ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Жиыннан соң Еркеғали Әлімқұлов аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізіп, көкейлерінде жүрген өтініш-ұсыныстарына құлақ асып, жауап берді. Көтерілген мәселелер бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз бақылауында болатындығын жеткізді.