Нұралхан Көшеров Шардара тұрғындарымен кездесіп, көпқабатты үйлерді сумен қамту жұмысын қадағалады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Шарада ауданындағы іссапары жалғасуда. Өңір басшысы ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды тікелей қадағалап жүр. Бүгін облыс әкімі Шардарадағы көпқабатты үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Ауыз су ағымын ұлғайту бағытындағы жұмыстарды түсіндірді.
– Биыл су мәселесі өзекті болып тұр. Жағдай қатаң бақылауда. Арнай штаб құрып, барлық іс-шараларды атқарудамыз. Су көлемі артады, бәрі реттеледі. Азаматтар, мамандар үздіксіз жұмыс істеп жатыр, – деген Нұралхан Көшеров пәтерлерге кіріп, су қысымын тексерді.
«Шардара» су қоймасында су көлемінің азаюына байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Алгоритмге сәйкес ауыз су тәуекелдерін басқару бойынша штаб құрылып, жұмыс жүргізілуде.
Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан бірнеше ықшам ауданда 28 дана (2-тонна) су жинау ыдысы орнатылып, су толтырылды. Бұл ыдыстарды тұрақты ауыз сумен толтыру үшін 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылды. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылды. Құдығы бар үйлерге су тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.
Тағы бір айта кетерлігі, қаланың бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізілді. 630 текше метр су беретін қосымша насос орнатылып, іске қосылды.
Ауыз су мәселесіне қатысты жауаптылар бекітілген, жағдай тұрақты әрі бақылауда.