Николаевты атқылағанда Украинаның ең бай бизнесмендерінің бірі мен оның әйелі өлген

Украинаның аграрлық “Нибулон” компаниясының негізін салушы, Украинаның ең бай бизнесмендерінің бірі Алексей Вадатурский мен әйелі 31 шілдеде Николаевты Ресей әскері атқылағанда өлген. Бұл жөнінде облыс әкімшілігінің басшысы Виталий Ким хабарлады.

Вадатурскийдің қаза болғанын Украина Жоғарғы Радасындағы “Слуги народа” фракциясының жетекшісі Давид Арахамия мен Украина президенті офисінің басшысы Андрей Ермак та растаған. Жергілікті БАҚ хабарына қарағанда, бизнесменнің үйіне снаряд түскен. Украинаның Forbes басылымы мәліметіне қарағанда, 74 жастағы Алексей Вадатурский 2021 жылы 430 миллион долларымен Украинадағы бай бизнесмендер тізімінде 24-ші болып тұрған.

2007 жылы бизнесмен “Украина батыры” атағын алған.

Бұған дейін Николаев қаласының мэрі Александр Сенкевич жексенбіде қаланың аяусыз атқыланғанын хабарлаған. Бірнеше жарылыстан кейін өрт шығып, тұрғын үйлерге елеулі зақым келген.

Донбасста ұрыс қимылдары жалғасып жатыр. Сенбі күні Украина президенті Владимир Зеленский Донецк облысының Киев бақылауындағы аймақтарда тұратын адамдары міндетті түрде эвакуацияланатынын хабарлаған.

ПІКІР ЖАЗУ