Наурыз мейрамына орай Қазақстанда қосымша пойыздар іске қосылады

“Жолаушылар тасымалы” АҚ Наурыз мерекесіне орай қосымша 20 рейс іске қосады. Бұл 35 000 қосымша орынды қамтамасыз етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігіне сілтеме жасай отырып.

Көлік министрлігінің мәліметінше, Наурыз мерекесіне ел бойынша 20 рейспен үш қосымша пойыз жоспарланған. Сұраныс артқан бағыттар бойынша қолданыстағы пойыздардағы вагондар саны да артады.

Жолаушыларға барлығы 35 000 қосымша орын беріледі. Бұл шаралар мереке күндері билет қолжетімділігін қамтамасыз етеді, – деп хабарлады министрлік.

Мереке күндері келесі қосымша пойыздар жүреді:

№ 201/202 “Алматы-2 – Астана-1”: Алматы-2 бағытынан: 20, 22, 24, 26, 28 және 30 наурыз; Астана-1 бағытынан: 21, 23, 25, 27, 29 және 31 наурыз. Барлығы 6 рейс.

№ 204/203 “Астана Нұрлы Жол – Шымкент”: Нұрлы Жолдан: 19, 20, 22, 23, 25, 26, 28 және 29 наурыз; Шымкенттен: 21, 22, 24, 25, 27, 28, 30 және 31 наурыз. Барлығы 8 рейс.

№ 205/206 “Ақтөбе – Астана Нұрлы Жол”: Ақтөбеден: 19, 21, 23, 25, 27 және 29 наурыз; Нұрлы Жолдан: 20, 22, 24, 26, 28 және 30 наурыз. Барлығы алты рейс.

Сондай-ақ Наурыз мерекесі кезінде танымал бағыттарға шамамен 230 қосымша тіркеме вагон қосылады.