Наурыз көже, тонна палау: Астанада мереке күндері қай жерлерге баруға болады

Астанада мерекеге орай 200-ден астам ауқымды іс-шаралар – концерттер, көрмелер, қойылымдар, шығармашылық кештер өтеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қаланың барлық ауданында түрлі мерекелік шаралар өтеді. 21-22 наурызда елорданың қалалық алаңында, «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтерінің жанында, «Астана Арена» стадионы мен ЭКСПО алаңының аумағында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер жоспарланып отыр.
Астанада Наурыз мейрамын тойлау аясында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен анимациялық, театрландырылған және концерттік бағдарламалар өтеді. Сахнада Қанат Үмбетов, Абай Бегей, Әлішер Кәрімов, Айдар Байділдин, «Алтын» триосы, «Арт Домбыра» тобы, Мәди Қадыров, Ғалымжан Жолдасбай, Нұркен Якияев, «Меломен» тобы, Жақсыкелді Маясаров, «Қазақия» дуэті, Әйгерім Мамырова, Кеңес Әлімжан, Ғаділбек Жанай, Маржан Арапбаева, Нұрлан мен Мұрат, Асхат Тарғын, Айгүл Иманбаева, «Алтын» этно ансамблі, ДиАрт тобы, «Бәйтерек», Ернар Жұматаев және т.б. сынды эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.
Есіл ауданында мерекелік іс-шаралар мына орындарда өтеді:
– 22 наурыз күні сағат 13:00-де «Бәйтерек» монументінде концерт қойылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді, мұнда қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда ұйымдастырылады;
Сарыарқа ауданында:
Мерекелік іс-шаралар қалалық алаңда 21-22 наурыз күндері сағат 13:00-де басталады. Мерекелік шара барысында сегіз киіз үй тігіліп, елорда қонақтары қолөнермен танысып, ұлттық тағамдар сатылатын, сол сияқты дәстүрлі бұйымдар жәрмеңкесін тамашалайды. Алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, елордалық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді.
Сондай-ақ, 22 наурыз күні сағат 11:00-де «Қазақ күресінен» қала тұрғындары арасында біріншілік өтеді. Білекті балуандар мен жеңімпаздар үшін бағалы сыйлықтар бар.