Наурыз қарсаңында астаналық құтқарушылар баспаналы болды

Елорда әкімдігінде Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордалық құтқарушыларға он бес қызметтік пәтердің кілтін табыс етті. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен азаматтық қорғау жүйесінің әскери қызметшілерін, өрт сөндірушілері мен құтқарушыларын әлеуметтік қорғауды жақсарту бағдарламасы іске асып жатыр. 

Пәтер иелері қатарында елордалық өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндірушілері, құтқарушылары мен бөлімше командирлері бар.

Бір бөлмелі 8 және екі бөлмелі 7 пәтер Қабанбай батыр даңғылы бойындағы «TENGRI» және Е-36 көшесіндегі «Respublika» тұрғын үй кешендерінде орналасқан.

Астана әкімі жаңа қоныстанушыларды Наурыз мейрамымен құттықтап, ТЖД-ның әрбір қызметкері азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғауын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ТЖМ-мен бірлесіп, еңбек жағдайын және тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша жұмыс істейміз. Мәселен, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін тұрғын үй бағдарламасына қатысушылар санатын (Қазақстандық тұрғын үй компаниясы) кеңейттік, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қостық, онда ТЖД қызметкерлерінің санатын арнайы жеке қарастырдық. Сол сияқты Департамент қызметкерлері үшін тұрғын үй сертификатының мөлшері 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Соңғы үш жылда ТЖД қызметкерлеріне 90 пәтер берілді, – дейді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, өткен айда Көктал елді мекенінде өрт сөндіру депосы ашылған. Оның аумағында елордалық гарнизон қызметкерлері үшін 18 қызметтік пәтерге арналған жатақхана қарастырылған.

Сонымен қатар, қазір өрт сөндіру депосы Үркер елді мекенінде салынып жатыр. Тельман және Интернациональный елді мекендерінде, сондай-ақ 28-ші көшеде тағы үш бөлімше жоспарланған.

Өткен жылы департаменттің автопаркі 21 техникамен толықты.

ПІКІР ЖАЗУ