Мыңжылдық тарихтың тірі куәгері – қазыналы мұра-мирасымыз
Көне Түркістанның өзі ғана емес, оның айналасындағы ірілі-ұсақты елді мекеннің барлығы шежірелі тарих боп сөйлейді. Облыс орталығынан небәрі 30 шақырым жерде Қарнақ деген ауыл орналасқан. Қатпарлы шежіремізге бойлайтын болсақ, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі әйгілі Тайқазан мұра-белгіміз осы ауылда құйылған көрінеді.
Сондай-ақ кесененің іргесі болып қаланған кесектер осы аумақтан өндіріліп, күйдіріліп дайындалған деген тарихи болжамдар да айтылады. Осы деректердің өзінен-ақ, бұл аумақ ежелден қолынан өнері тамған шеберлердің, ұсталардың құт мекені болғанын көреміз. Өткеннен қалған белгі ретінде ауылда Имам Бақли мазары орналасқан. Көнекөз қариялардан қалған өсиеттерде Имам Бақли VІІІ ғасырда өмір сүрген ислам ғұламасы көрінеді. Орталық Азияға пайғамбар ілімін алып келген алғашқы діндарлардың бірі болып танылған деген деректер кездеседі.
Халық аузында қалған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Имам Бақли осы атырапқа жылқысын байламақ болып қазық етіп ағаш шыбығын қадады деп айтылады. Уақыттың өтісімен қадалған шыбықтан тамыры тереңге бойлаған тұт ағашы өніп шыққан. Сол дәуірдің тірі куәгері болған ағаш бүгінгі күнге дейін жайқалып өсіп тұр. Қасиетті жерге тағзым етіп келушілердің қатары көп. Бұл нысан Түркістан облысының тарихи орындар маршрутына енгізілген.
Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен «Таза бейсенбі» акциясы осы тарихи орында өткізілді. Партиямыздың Кентау қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген науқанға партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйыма Жантөреева, Кентау қалалық мәслихатының депутаттары Арман Басаров, Бекзат Хабибов, қала әкімдігінің жауапты өкілдері, ауыл азаматтары қатысты.
«Қарнақ – Түркістанмен тамырлас қала болғаны белгілі. Бұл аймақтың қадір-қасиеті тереңде жатыр. Тарихымызбен өріліп, мәдениетімізбен өрістеп жатқан аймақтың ажарын сақтау – бізге жүктелген перзенттік борыш. Тазалық жүргізу – бұл тұтас мәдениетті білдіреді, тазалыққа үлес қосқан адамның өресі кеңейеді, өнегесі артады. Адалдыққа бастайтын алғашқы қадам тазалықтан басталады», – деді Қалыйма Жантөреқызы.
Тазалық акциясы қатысушылар мазарат аумағын құраған шөптен тазартып, аяқжолдардың шаң-тозаңын сыпырды. Қураған ағаштар мен шөптерді жинап, аумақтың ажарын келтірді.
Айта кету керек, Мажратұт деген атаумен белгілі болып отырған тұт ағашының діңгегі 10 адам екі қолын жайып құшағына алса ғана сияды екен. Көне дәуірлердің тірі куәгері болған бұл ағаш баршамыздың мұра-мирасымыз екені ақиқат. Ісіміз –адал, ниетіміз – ақ, айналамыз – таза болса, еліміздің ырыс-дәулеті таси береді деген сенімдеміз.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі