Мұсылмандық некенің заңды күші бар ма

Әділет министрі Ерлан Сарсембаев елімізде кейбір өңірлерде кең таралған “мұсылмандық некелердің” заңды күшке ие еместігін ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Қазақстан — зайырлы мемлекет және “Неке және отбасы туралы” Кодексте некенің тек мемлекеттік органдарда тіркелген жағдайда ғана заңды күшке ие екені нақты көрсетілген.
Біз зайырлы мемлекетпіз және Кодексте тек мемлекеттік органдарда ресми түрде тіркелген некелер ғана заңды деп танылады. Бұл мәселеге қайта қарау немесе діни рәсімдермен араластыру жоспарымызда жоқ, — деді Ерлан Сарсембаев Мәжіліс кулуарында.
Сарсембаевтың айтуынша, ресми түрде тіркелмеген неке жағдайында да балалар мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Алимент төлеуден жалтарған жағдайда, жеке сот орындаушылары арқылы тиісті шаралар қолданылады.
Министрдің айтуынша, мешіттерде неке қию рәсімдерін жүргізу мәселесі діни сенім бостандығына қатысты болғандықтан, бұл салаға Әділет министрлігінің қатысы жоқ.
Бұл — сенім бостандығы саласы. Біз тек ЗАГС арқылы тіркелген некелерді ғана танимыз, — деп атап өтті министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін депутаттар мұндай некелердің заңды түрде реттелу қажеттігін көтеріп, әйелдер мен балалардың құқықтарының қорғалмауы мәселесін алға тартқан болатын. Алайда Әділет министрлігі әзірге заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отырған жоқ.