Мұрат Әйтенов: «Қандай да бір шешім қабылдауда халық пікірін ескеру қажет»
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте аудандарда осы аптада ретсіз сауда мен санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Қазір қала аумағындағы тазалық шараларына 300-ден астам адам, 50-ден аса техника жұмылдырылған. Арнайы бригадалар 40-қа жуық секторда жұмыс жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтар көпқабатты тұрғын үйлерден күн сайын, жеке секторлардан аптасына 1-2 реттен жиналуда.
«Туындаған мәселелерді дер кезінде шешу үшін халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, қандай да бір шешім қабылдауда тұрғындардың пікірін ескеріңіздер. Әр ауданда өзекті мәселелер бойынша арнайы мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс» – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтауда қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жауаптыларға аудандарда ретсіз саудамен күресті жою үшін рейдтік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды.