Мұғалімдердің аттестациясы мен жалақы: Жаңа министр салада қандай өзгеріс жасамақ?

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап бере отырып, министрлікте ауқымды жаңа реформалар болмайтынын, керісінше, бұған дейін басталған реформалардың жалғастырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір біз білім беру саласында бұрын қабылданған барлық реформанды қайта талдап, сараптап жатырмыз. Басты мақсат – білім сапасын арттыру. Бұл – жаңа реформа емес, бұрын басталған өзгерістердің жалғасы, – деді министр.

Оның айтуынша, министрліктің екінші маңызды бағыты – мұғалімдерді қолдау және олардың мәртебесін күшейту.

Бұл бағытта бірнеше мәселе бар. Атап айтқанда, мұғалімдердің аттестациясы, кәсіби деңгейін арттыру, сондай-ақ педагогтерге тән емес функцияларды алып тастау үшін заңнамалық қолдау қажет. Осы мәселелер пысықталуда, – деді Сүлейменова.

Министр сонымен қатар мұғалімдердің жалақысын және шәкіртақыны көтеру мәселесі үш жылдық бюджетке енгізілгенін айтты.

Жалақы мен шәкіртақыны көтеру бойынша сұрақтар көтерілді. Бұл шаралар 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетте қарастырылған, – деді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова “Білімге бөлінетін қаржы қысқарса, мұғалімдердің жалақысы сақтала ма?” деген сұраққа жауап берді.