Мұғалім болу үшін “сыйақы” беру әлі бар ма?

 Қазақстанда білім беру саласындағы жемқорлық мәселесі шешілмей келеді. Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев осы тақырыпта Үкіметке депутаттық сауал жолдап, мектептерде кадр іріктеу, қаржылық бақылау және жұмысқа орналасу жүйесінде заңсыздықтар бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың басынан бері білім беру саласында 303 қылмыстық іс тіркелген. Бұл қылмыстардың салдарынан мемлекетке келген шығын 17,5 миллиард теңгені құраған.

Ең көп қаржылық заңбұзушылықтар Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарында және Алматы қаласында анықталған. Бұл аймақтарда қаржылық бақылаудың әлсіздігі байқалады.

Білім беру саласындағы жемқорлыққа байланысты 249 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың ішінде:
• 10 білім бөлімінің басшысы,
• 2 колледж директоры,
• 28 мектеп директоры,
• 21 балабақша меңгерушісі,
• 136 есепші бар.

Жұмысқа заңсыз орналасу: мұғалім болу үшін “сыйақы” керек пе?

Депутаттың айтуынша, оңтүстік аймақтарда жұмыссыздық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Ауылдық жерлерде жұмыс көзінің аздығы мектептерге жұмысқа орналасу үшін “заңсыз сыйақы” беру тәжірибесінің сақталуына ықпал етуде.

Мектептерде ғана емес, лаборант, техникалық қызметкер болу үшін де пара беру жағдайлары кездеседі. Сондай-ақ, кейбір қызметкерлердің жұмысынан айырылып қалмау үшін жалақысының бір бөлігін басшылыққа “өткізіп” отыратыны туралы да айтылуда, – деді мәжілісмен.

Депутат бұл тәжірибе білім беру сапасына тікелей кері әсер ететінін атап өтті. Себебі кәсіби біліктілігі төмен, парамен жұмысқа орналасқан мұғалімдер білім сапасын төмендетіп қана қоймай, оқушылардың моральдық-этикалық құндылықтарын қалыптастыруға да кері әсер етеді.

Депутат Темір Қырықбаев жемқорлықпен күресу үшін келесі шараларды қабылдауды ұсынды:

  1. “Электрондық мектеп” жүйесін енгізу – білім беру саласындағы кадрларды басқарудың бірыңғай электрондық базасын құруды жеделдету.
  2. Жұмысқа қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету – педагогикалық кадрларды іріктеудің әділ және айқын жүйесін қалыптастыру.
  3. Қоғамдық бақылауды күшейту – ата-аналар комитеті мен қоғамдық ұйымдардың білім беру процесі мен қаржылық қызметке араласу мүмкіндігін кеңейту.

ПІКІР ЖАЗУ