Минскте ТМД-ға мүше мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің отырысы өтті

ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы Минскте өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстанның ішкі істер министрліктерінің, ТМД Атқарушы комитетінің, ТМД-дағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының және ТМД-дағы терроризмге қарсы орталықтың өкілдері қатысты.

Қазақстандық делегацияны ішкі істер министрі Ержан Саденов басқарды. Кеңес отырысы қарсаңында Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко делегация басшыларымен кездесті. Онда құқық қорғау органдарының жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Айта кету керек, былтыр Қазақстан ІІМ кеңеске төрағалық етті. Отырыс барысында Ержан Саденов әріптестеріне Түркістанда өткен отырыста қабылданған шешімдердің орындалуы туралы хабарлады. Іздестіру жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру, ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жол қозғалысы және теміржол объектілерінде қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселесі қаралды.
Достастық елдерінің ішкі істер министрліктері қызметінің негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Министрлердің кездесуі өзара түсіністік пен достық жағдайында өтті. Бұл сындарлы диалог құрып, маңызды шешімдер қабылдауға ықпал етті.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/minskte-tmd-gha-mushe-memleketterding-ishki-ister-ministrleri-kengesining-otyrysy-otti/?fbclid=IwY2xjawE2mu1leHRuA2FlbQIxMQABHZ3dTAJoRpKO-27kWsCNLNv4vx56VixRsL-W6Vz_HA_JYIaKE1eoO-fI8A_aem_ezxnBWeo2EwhNTCq2xQD-w

ПІКІР ЖАЗУ